Жаңалықтар

Мүгедек азаматтарға берілетін жәрдемақыны 85 мың теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды

Елде ресми тіркелген мүгедектер саны – 725 мың / Фото: kursiv.media архиві

Мәжілісте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселе көтерілді. Депутат Нұрлан Әуесбаев мүгедектігі бар адамдарға төленетін жәрдемақының жеткіліксіз екенін айтып, оның көлемін 85 мың теңгеге дейін арттыруды ұсынды.

Қазіргі уақытта елде ресми тіркелген мүгедектер саны – 725 мың. Бірақ депутаттардың айтуынша, бұл көрсеткіш шынайы саннан әлдеқайда көп. Мүгедектігі бар азаматтардың саны жыл сайын шамамен 2,4%-ға өсіп отыр. Бұған әлеуметтік жағдай, экологиялық ахуал мен медициналық қызмет сапасының әсері бар.

Депутаттар мүгедектікті анықтау рәсімінде де әділетсіздік жиі кездесетінін айтты. Мысалы, қолы немесе аяғы мүлде жоқ адаммен саусағы немесе башпайы жоқ адамға бірдей үшінші топ мүгедектігі беріледі. Кейбір азаматтар тіпті өмір бойына мүгедек болса да, мүгедектік мәртебесін дәлелдеу үшін ұзақ әрі ауыр процедуралардан өтуге мәжбүр.

«Мұндай өңір тұрғындарының қатарында Семей полигонынан зардап шеккен, Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы Сарыпбеков Сапа есімді азамат. Оның мұрын қуысына полигон салдарынан зақым келгені ресми түрде дәлелденгенімен, түрлі себептермен үшінші топ мүгедектері тізімінен шығарылған. Енді мүгедектігін қайта рәсімдей алмай, талай табалдырықты тоздырып, ақыр соңында сонау Түркістаннан бізге көмек сұрай келген», —деді Әуесбаев өзінің депутаттық сауалында.

Депутат атап өткендей бүгінгі таңда үшінші топтағы мүгедектің жәрдемақысы – 55 474 теңге. Өз кезегінде, қазір инфляция 12,9 % деңгейіне жетіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге, дәрі-дәрмектерге бағаның күрт өсуі байқалуда.

«Сондықтан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын кем дегенде Ең төменгі жалақы 85 000 теңге көлеміне дейін көтеру қажет деп есептейді», – деп толықтырды ол.

Депутат ұсынысы

  • Медициналық-әлеуметтік сараптама және Дәрігерлік-консультациялық комиссияның жұмыстырын тексеріп, жалған мүгедектік беру мәселесін қолға алуды;
  • Мүгедектікті анықтау кезінде Медициналық-әлеуметтік сараптама және Дәрігерлік-консультациялық комиссияның талаптарын ашық ету және мүгедектер үшін түрлі анықтамалар жинау тәртібін жеңілдетуді;
  • Мүгедектердің өмір сүру құқығын басқалармен тең дәрежеде тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік жәрдемақыларды есептеудің жаңа әдіснамасын әзірлеуді талап етеді.

Айта кетейік елімізде үш ай бойы жұмыс істемеген азаматтар есепке алынады. Бұл өзгеріс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Әрі қарай деректер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне беріледі.