
Мәжіліс депутаты Никита Шаталов қоғамдық көлік ақысын 500 теңгеге дейін көтеру ұсынысын құптамады. Ол мұндай тарифтер қазақстандықтардың шынайы табысына сай келмейді деп санайды.
«Қоғамдық көлік – бүкіл әлемде субсидияланатын сала. Ол қоғамдық деп аталады, өйткені оны халықтың көпшілігі пайдаланады. Ұсынылған тарифтерге келер болсақ, бұл азаматтардың нақты табысына сай келмейді», – деді ол.
Шаталовтың айтуынша, әлемнің көптеген елінде қоғамдық көлік табыс табуға емес, халықтың қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған. Оның пікірінше, көлік, денсаулық сақтау және білім беру сияқты қызметтер коммерциялық емес, қоғам игіліктері. Ол тарифтерге тәуелді болмай, қызмет сапасын арттыру үшін бюджет есебінен қаржыландырылатын коммуналдық автопарктерге басымдық беруді ұсынды.
Бұған дейін мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Астана мен Алматыдағы автобус билеті 500 теңге болуы тиіс деген пікір айтқан. Сарапшы қазіргі 110–120 теңгелік тариф тасымалдаушылардың шығынын жаппайтынын мәлімдеген.
Үкімет өкілдері сарапшының бұл пікірін жеке көзқарас ретінде бағалап, жолақы жақын уақытта күрт қымбаттамайтынын мәлімдеді.
Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мемлекет жолақының күрт өсуіне жол бермейтінін және қажет болған жағдайда халыққа қолдау болады деп сендірген еді.