
Қазақстанда 2025 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 12,9%-ға жетті. Бұл – тамыздағы 12,2%-дан жоғары көрсеткіш. Яғни бағаның өсу қарқыны қайта жеделдеп отыр. Ұлттық банктің дерегінше, елдің 18 өңірінде инфляция қарқыны артса, тек бір өңірде баяулап, тағы бірінде өзгеріссіз қалған.
Азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 12,7%-ға өсті (тамызда – 11,7%). Ұлытау облысында азық-түлік қатты қымбаттап, 15,8%-ды құрады. Ал Алматы қаласында 9,2%-ға өсіп, ең төменгі көрсеткішті байқатты.
Бұл айырмашылық аймақтардағы логистика, нарықтағы бәсекенің деңгейі және өнім тасымалының құнына байланысты болуы мүмкін.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар да қымбаттады
Киім-кешек, тұрмыстық техника, жанар-жағармай сияқты азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы жылдық мәнде 10,8%-ға өсті (тамызда – 9,7%). Баға өсімі бойынша Ақтөбе облысы алда: 13,2%, ал Алматы қаласындағы қымбатшылық 8,4 пайызға жетті.
Ақылы қызметтердің (мысалы, коммуналдық, көлік, білім беру және денсаулық сақтау қызметтері) бағасы өткен аймен салыстырғанда өзгеріссіз қалды: жылдық өсім 15,3%.
Дегенмен Қызылорда облысында бұл көрсеткіш ел бойынша орташа деңгейден айтарлықтай төмен – 9,6%.
Қыркүйекте айлық инфляция (бір айдағы баға өсімі) 1,1% болды. Бұл ішкі нарықта баға қысымының сақталып отырғанын білдіреді.
Еуразия тұрақтылық және даму қоры Қазақстан экономикасының негізгі тетіктеріне қатысты болжамына сәйкес, жыл аяғында инфляция шарықтау шегіне жетеді.