Жаңалықтар

Оңтүстік Корея Қазақстанда жаңа университет ашады

Фото: ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметінен

Алатаu City жобасы Оңтүстік Кореяда таныстырылды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Сеулдегі Alatau Rise With Kazakhstan Forum аясында ақылды қала жайлы айтып берді.

Қазақстан тарапынан форумға Alatau City дамыту кеңесінің мүшелері – Caspian Group төрағасы Юрий Цхай және жобаның инвестициялық серіктесі Alatau City Bank-тің акционері Вячеслав Ким қатысты.

Alatau City жалпы ауданы 88 мың гектарды құрайды. Қала Арнайы экономикалық аймақтың құрамына енгізілген. Мұнда корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босатылған, ал қала аумағында сатылатын тауарларға нөлдік мөлшерлемесімен қосымша құн салығын қолдану сияқты жеңілдіктер бар.

«Бүгінде Кореяның 800-ден астам компаниясы Қазақстанның барлық өңірлерінде энергетика, құрылыс, қаржы, денсаулық сақтау, автокөлік және жоғары технологиялар салаларында табысты жұмыс істеуде. Біз бірлескен жобаларды кеңейтуге, Кореяның өнеркәсіптік және энергетикалық компанияларын тартуға мүдделіміз. Өзара тиімді ынтымақтастыққа ашықпыз және сіздерді ұлттық Alatau City жобасына қатысуға шақырамыз», – деді Қанат Бозымбаев.

Roadshow аясында Қазақстан мен Корея Республикасының мемлекеттік және іскер құрылымдары арасында меморандумға қол қойылды. Ғылым және жоғары білім министрлігі, Кореяның ғылым және технологиялар институты (KAIST) және Alatau City Bank арасында Қазақстанда жаңа университет құру және дамыту саласында ынтымақтастыққа уағдаласты.

Президенттің жарлығымен Алатау қаласына арнаулы мәртебе берілген еді. Премьер-министрдің төрағалығымен құрылған Алатау қаласын дамыту кеңесі стратегиялық шешімдер қабылдайтын негізгі орган болып саналады. Ал қала тікелей үкіметке қарайды.