Жаңалықтар

Алматы мен Алатау қалаларының ортасында ұшатын такси қатынайды

Фото: ашық дереккөзден

Жаңа Алатау қаласы мен Алматыны аэротакси байланыстырады. Оны кәсіпкер Юрий Цхай өзіне тиесілі Alatau Advance Air Group компаниясы арқылы жүзеге асырады. Бұл туралы Сеулде өткен халықаралық форумда айтты.

Компания Алатау, Алматы және Алматы облысы аумағында аэротакси мен дрондарға арналған вертипорттар (шағын әуежайлар) желісін салуды жоспарлап отыр. Және осы өңірлер аясында жаңа байланыс бағыттарын ашады. Жобаның коммерциялық іске қосылуы 2028 жылдың соңына жоспарланған.

Сондай-ақ форумда көлік вице-министрі Талғат Ластаев «Алатау Сити – төмен биіктіктегі экономиканың хабы» жобасын таныстырды.

Төмен биіктіктегі экономика деген шамамен 3 мың метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалану арқылы дамитын жаңа сала. Ол дрондар арқылы жүк жеткізу, ақылды логистикалық жүйелер атты бағыттарды қамтиды.

«Дәл осы бағытта инновациялық серпіліс болмақ. Аэротакси мен пилотсыз жүйелер көлік және логистика тізбегінің ажырамас бөлігіне айналып, жүк пен жолаушы тасымалының жылдамдығы мен тиімділігін бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізеді», – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.

Осы күндері Оңтүстік Кореяда Alatau Rise With Kazakhstan Forum өтіп жатыр. Соның аясында премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласының жобасын кореялық кәсіпкерлерге таныстырды.