
Қазақстан аумағына сырттан жұмыртқа әкелуге тыйым салынуы мүмкін. Ауыл шарушылығы министрлігі бұйрық жобасын әзірледі.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан аумағына көліктің барлық түрі арқылы үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен (ЕАЭО) жұмыртқа әкелуге бір айға тыйым салу көзделген.
Алайда Қазақстан аумағы арқылы жұмыртқа транзитіне шектеу қойылмаған. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекет аумағынан одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына Қазақстан арқылы тасымалға рұқсат берілген.
«Жоба отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау мақсатында қабылданады», – делінген құжат сипаттамасында.
Қоғамдық талқылау «Ашық НҚА» порталында 21 қазанға дейін жалғасады.
Бұған дейін мұндай шектеу сәуірде алты айға енгізілген.
Айта кетейік, елде азық-түлікті қымбаттатқан делдалдарға 580 мың теңге айыппұл салынады.