Жаңалықтар

Қазақстанның IT-қызметтерінің экспорты 1 млрд долларға жақындады

Фото: Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінен

Қазақстандағы IT қызметтердің экспорты 20,3%-ға өсіп, 881 млн долларға жетті. Дубайда өтіп жатқан GITEX форумында Qaztrade басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова осылай деді.

GITEX GLOBAL 2025 ірі әлемдік технологиялық көрмесінде ЖИ саласындағы әзірлемелерін таныстыратын қазақстандық 20 компания қатысып жатыр. Олардың арасында инсультті анықтау үшін дәрігерлерге көмектесетін Cerebra.ai, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласында бейне-аналитика жүйесін дамытуға бағытталған BEST vision Technologie, қазақстандық білім беру сервистерін ілгерілететін BilimApp, аэроғарыштық технологиялармен жұмыс істейтін Ghalam және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін цифрлық шешімдер жасайтын Alaqan жобалары бар.

Көрме аясында қазақстандық TrustMe компаниясы Дубайдағы Sogdians Venture Studio компаниясымен келісімге қол қойды. Олар қазір БАӘ мен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (MENA) нарығындағы TrustMe ресми өкілдері деп саналады.

Ал Blackstone AI компаниясы Family Eight Holdings Limited (БАӘ) компаниясымен меморандумға қол қойды. Екі тарап ЖИ саласында жаңа өнім әзірлеуге, шетелдік нарықты кеңейтуге уағдаласты.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, IT-қызметтер экспорты негізінен Ресейге бағытталған. Жалпы экспорттың 14%-ы немесе 95,6 млн доллары осы елге тиесілі.