Жаңалықтар

«Шерзаттың ағасы сияқты асып кетеміз»: актриса қызметкерін біреулер ұрлағанын айтты

18 жастағы жігітті біреулер ұрлап кеткен / Фото: freepik.com

Белгілі актриса, кәсіпкер Гүлшарат Жұбаева өз цехінде жұмыс істеп жүрген 18 жастағы жігітті белгісіз біреулер ұрлап кеткенін айтты. Олар жігіттің отбасынан 3 млн теңге талап еткен.

«Алдыңғы күні сағат кешкі 10-да такси шақырайын деп тұрған жерінде, бір көлік тоқтап, «жүр апарып тастайық» дейді. Адресті айтқан соң, көлікте жүргізуші бар, артында бір кісі отырған, бала көліктің алдына отырады. Баратын адресін, үйінде кім барын, қайта жұмыс істейтінін, кіммен тұратынын – бәрін сұрап алады. Жолда кетіп бара жатып артта отырған адам ана жігітті белдікпен орындыққа байлап тастайды. Телефонын тартып алып, ата-анасына, үйіне хабарласады. Жігітті босату үшін отбасынан 3 млн теңге сұрайды. Ақшаны таппасаңдар, жігітті өлтіреміз деп қорқытады», – дейді Гүлшарат.

Актрисаның айтуынша, жігітті ұрлаған бұзақылар өздерін ешкім таппай және істі жауып тастайтынына сенімді болған.

«Әке-шешесіне звондағанда » бізді ешкім таппайды, Шерзаттың ағасын асып кеткендей асып кетеміз, ол кезде де ештеңе болған жоқ, істі жауып тастайды» деп қорқытқан. Өздеріне заң жүрмейтінін айтады. Осыдан біреуге айтатын болсаң, арыз жазатын болсаң, жағдайың қиын болады деген», – деп баяндайды.

Жігіттің ата-анасы қолда бар ақшасын салып жіберсе де, оны жібермей, қаланың сыртына алып кеткен. Түні бойы сол көлікпен жүріп, таңға жуық Талғарға жеткенде артта отырған кісі ұйықтап кетіп, белдік босап кеткен. Сол сәтті пайдаланып, жігіт жүріп бара жатқан көліктен түсе сап қашады. Аялдамада тұрған кісілерден көмек сұрап, үйіне хабарласып, аман-есен жетеді.

Актриса «арыз жазайық, резонанс жасайық» десе, жігіт те, оның отбасы да қорқып қалған. Әке-шешесі «баламыздың амандығы керек» деген.

«Менің таң қалғаным, ақшаны алса да, оны жібермеген. Баланы қаланың сыртына не мақсатпен апарған? Сақ болыңыздар. Ешкімге артық информация бермеңіз. Телефоныңызға 2гистің геолокация отбасыңызға қосып қойыңыздар», – деп жазды актриса.

Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Талғарда қылмыс неге жиі тіркеледі деген сұраққа жауап берген. Министрдің айтуынша, қаладағы инфрақұрылым тұрғын санына сай келмейді.