
Алматыда 21 қазан күні өтетін UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Қайрат» – «Пафос» арасындағы ойын алдында клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин журналистердің сұрақтарына жауап беріп, команданың дайындық барысы мен қақпашылардың жағдайына тоқталды.
Бапкердің айтуынша, негізгі қақпашылар қатарға қайта оралған.
Анарбеков алаңға оралды, өздеріңіз көрдіңіздер, «Қызылжарға» қарсы ойынды өткізді. Заруцкий де қазір біртіндеп жаттығуларға кірісті. Қазір Шерхан мен Темірлан екеуі де толық дайын, – деді Уразбахтин.
Дегенмен, ертеңгі ойында қақпаны нақты кім қорғайтынын бас бапкер әзірге жария етпеді.
Ертең кімнің алаңға шығатынын әзірге айта алмаймын. Бұл шешімді қақпашылардың бапкері Илья Юров қабылдайды. Біз оған толық сенеміз, өйткені қақпашылармен көп уақытын бірге өткізеді және олардың қазіргі бабын жақсы біледі, – деді бас бапкер.
«Қайрат» – «Пафос» матчы ертең 21 қазан күні, сағат 21:45-те Алматының Орталық стадионында өтеді. Ойынға билеттер Freedom Superapp және Kairat Superapp қосымшаларында сатылып жатыр.