
Алматы полициясы Орталық стадионда өтетін «Қайрат» пен «Пафос» арасындағы халықаралық футбол матчы кезінде жанкүйерлердің тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл туралы ІІМ хабарлады.
Министрлік мәліметінше, полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтап, спорт нысаны маңындағы жол қозғалысын реттейді. Бұған қоса, полиция матч кезінде Алматы қаласында көлік қозғалысына ішінара шектеу енгізілуі мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарға жол бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша шараға түсіністікпен қарауға кеңес берді.
«Алматы полициясы футбол кешінің тыныш әрі жайлы өтуі үшін барлық қажетті шараны қабылдап отыр. Мұндай іс-шаралардағы қауіпсіздік тек тәртіп сақшыларына ғана емес, азаматтардың жауапкершілігіне де байланысты. Жанкүйерлерден тәртіп сақтап, полициямен өзара ынтымақтастық танытуды сұраймыз», – деді Алматы полициясының өкілі Тимур Ноғайбаев.
Алғаш рет Чемпиондар лигасының топтағы жарыстарына қатысып жатқан «Қайрат» (Алматы) 21 қазанда «Пафос» (Кипр) клубын Орталық стадионда қабылдайды. Матч жергілікті уақытпен сағат 21:45-те басталады.
Алғашқы екі ойында жеңілген алматылық клуб әзірге 36 команданың ішінде ең соңғы орында тұр. Кипрлік клуб болса алғашқы турда «Олимпиакоспен» тең ойнап, бір ұпай олжалаған.