Жаңалықтар

AWS жүйесіндегі ақау қалпына келді: сайттар мен қосымшалар қайта іске қосылды

Amazon Web Services (AWS)  / фото: REUTERS/Anushree Fadnavis
Amazon Web Services (AWS)  / фото: REUTERS/Anushree Fadnavis

Amazon Web Services (AWS) қызметінде орын алған жаһандық ақау салдарынан жүздеген танымал сайттар мен қосымшалар істен шықты. Downdetector платформасының мәліметінше, Zoom, Signal, Slack, Canva, Roblox және басқа да көптеген сервистердің жұмысы бұзылған.

AWS өкілдері негізгі техникалық мәселе жойылғанын, бірақ барлық жүйелердің толық қалпына келуі үшін біраз уақыт қажет болатынын хабарлады.

Ақау тек интернет-қосымшаларды ғана емес, қаржы секторын да қамтыды. Ұлыбританияның Barclays, Lloyds және Bank of Scotland банктерінің клиенттері мобильді қосымшаларға кіре алмай, кейбір төлемдер мен карталық операциялар орындалмай қалған. Lloyds банкінің өкілдері бұл ақаулар Amazon Web Services инфрақұрылымындағы техникалық проблемамен байланысты екенін растады.

Сервистер мен салаларға әсері

Downdetector деректеріне сүйенсек, ақау мыңнан астам компанияның жұмысына әсер еткен. Бұзылыс түрлі салаларды: үй видеобақылау жүйелерінен бастап, фитнес-қосымшалар мен ойын индустриясына дейін қамтыды. Зардап шеккен танымал сервистердің қатарында:

Snapchat, Zoom, Roblox, Clash Royale, MyFitnessPal, Life360, Clash of Clans, Fortnite, Canva, Wordle, Signal, Coinbase, Duolingo, Slack, Smartsheet, Pokémon Go, Epic Games, PlayStation Network, Peloton және Rocket League бар.

Ақаудың себебі

Amazon компаниясының мәлімдеуінше, мәселе DynamoDB API-дың US-EAST-1 өңіріндегі (АҚШ-тың шығыс жағалауы) DNS шешіміне байланысты болған. DNS (Domain Name System) — интернеттің «телефон анықтамалығы» іспетті жүйе, сайттардың атауларын IP-мекенжайларға түрлендіріп, құрылғылардың бір-бірін табуына мүмкіндік береді. Осы жүйедегі кез келген ақау веб-сайттарға немесе қосымшаларға қолжетімділікті тоқтата алады.

AWS өкілдері дүйсенбі күні түстен кейін жүйенің «тұрақтылық белгілерін көрсеткенін» хабарлады.

«Біз US-EAST-1 өңіріне тәуелді жаһандық сервистер мен функциялардың да қалпына келгенін растай аламыз», — делінген компанияның ресми хабарламасында.

Amazon Web Services әлемдегі ең ірі сервистердің бірі. Инфрақұрылымы миллиондаған сайттар мен платформалардың жұмысын қамтамасыз етеді. AWS дата-орталықтары ірі компаниялардың серверлерін, мобильді қосымшаларын және корпоративтік жүйелерін қолдайды.