
Жапония парламенті Либерал-демократиялық партиясының (ЛДП) жетекшісі Санаэ Такаичиді елдің жаңа премьер-министрі ретінде бекітті. Осылайша, Такаичи Жапония тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр атанды. Бұл шешім ЛДП мен Жапонияның инновациялар партиясы арасындағы коалиция құрылымынан кейін қабылданды.
Такаичи бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэнің шәкірті және Маргарет Тэтчердің саяси ұстанымдарын үлгі тұтатынын ашық айтқан.
Коалиция және сайлау нәтижесі
ЛДП бұған дейін 26 жыл бойы буддистік «Комэйто» партиясымен бірге билік құрған еді. Алайда, «Комэйто» партиясы Такаичи төрайым болып сайланған соң үкімет құрамынан шығатынын мәлімдеді. Осыдан кейін ЛДП жаңа серіктес Жапонияның инновациялар партиясымен келісімге келіп, парламентте 237 депутаттың қолдауына ие болды.
Санаэ Такаичи гендерлік теңдікке қатысты прогрессивті саясаткер ретінде саналмайды.
- әйелдерге некеден кейін өз тегімен қалуға рұқсат беруге қарсы;
- біржынысты некелерге қарсы;
- сондай-ақ әйелдердің Хризантем әулетінің мұрагерлік тізіміне енуіне қарсы екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Экономикалық бағыты
Экономикада Такаичи марқұм Синдзо Абэ ұсынған «Абэномика» саясатын жалғастырмақ. Бұл бағыт Жапония экономикасын ақша-кредит саясатын жұмсарту, мемлекеттік шығындарды арттыру және құрылымдық реформалар арқылы ынталандыруды көздейді.
Сондай-ақ АҚШ-пен жасалған сауда келісімін қайта қарауға ниетті екенін айтқан. Такаичи қазан айының соңында Оңтүстік Кореяда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық саммитінде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі деп жоспарланған.
Жеке өмірі және қызығушылықтары
Такаичи 2004 жылы партияласы Таку Ямамотомен отбасын құрған. Жұп 2017 жылы саяси келіспеушіліктерден ажырасып, 2021 жылы қайта некелесті. Бір қызығы, екінші некеде күйеуі оның тегін алған.
Саясаткер бос уақытында heavy metal жанрының жанкүйері және барабанда ойнағанды ұнатады. Оның үйінде электронды барабан қондырғысы бар, музыка арқылы күйзелісті басады екен. Бұрын мотоцикл айдауды да жақсы көрген, бірақ саясатқа келген соң қауіпсіздік мақсатында бұл хоббиден бас тартқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жапонияның премьер-министрі болған Сигэру Исиба отставкаға кеткен еді. Исибаның Саяси мансабы туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.