
БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Фолькер Тюрк Қырғызстан билігін өлім жазасын қайтармауға шақырды. Мұндай қадам халықаралық құқықтың бұзылуы деп есептелетінін атап өтті.
«Қырғызстан көптеген жылдар бойы өлім жазасын жаппай жою мәселесіне қатысты қалыптасқан жаһандық әрі құптарлық келісімнің бір бөлігі болып келді. Қазіргі заңнамалық бастамалар елдің қабылдаған міндеттемелерінің рухына қайшы келеді», – деді Тюрк.
Ол әділет жүйесінің ешбірі мінсіз емес екенін атап өте, егер өлім жазасы қайта енгізілсе, түбінде жазықсыз адамдардың өмірімен қош айтысуы мүмкін екенін ескертті.
Тюрктың сөзінше, Қырғызстан Екінші факультативтік хаттаманы ратификациялауға шақырған Адам құқықтары жөніндегі кеңес резолюциясын қабылдаған. Ал протоколды ратификациялаған мемлекетке ең ауыр қылмыс үшін де өлім жазасын қолдануға рұқсат берілмейді.
Қазанда Қырғызстан билігі Конституцияға өзгеріс енгізіп, өлім жазасын қайтаруды ұсынған. Президент әкімшілігі «балаларды зорлау және зорлау кезінде қасақана кісі өлтіргені үшін» өлім жазасын қолдану керек деген пікірде.
Бұған қыркүйекте 17 жастағы Айсулуу есімді жасөспірімнің өлімі себеп болды. Көрші ауылға құрбысына бару үшін такси отырған қызды жүргізуші зорлап, ауыл сыртына апарып буындырып өлтірген.