Жаңалықтар

«Алания» күзетшілері тепкісінен кейін өлген жігіттің анасы соттан әділдік сұрайды

Азат Қабыкенов 21 мамырда ауруханада қаза тапты/фото: kursiv.media

Астанада «Алания» клубының күзетшілеріне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Бір топ жігіт 2025 жылдың 16 ақпанынан 17 ақпанына қараған түні Азат Қабыкеновті соққыға жыққан. Салдарынан ер адам бірнеше айдан кейін аурухана төсегінде қайтыс болды.

Сол күні Азаттың інісі Еламан Қабыкенов те соққыға жығылған. Істе ол да жәбірленуші деп танылған.

«Алания» клубында не болды?

Алдымен желіде бір топ адам арасындағы төбелестің видеосы тарайды. Төбелес шамамен екі минутқа созылған. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, іске қатысы барлар қамауға алынды. Ал 32 жастағы Азат Қабыкенов Астанадағы №1 ауруханаға жеткізілген.

Ол 21 мамырда қаза тапты.

Бірі қамауда, бірі қашып жүр

Қылмыстық істе алты адам сотталушы деп танылған. Тараптардың сөзінше, тағы бір адамға іздеу жариялаған. Ал сотқа қатысып отырған төрт жігіт қамауда, екі жігіт үйқамаққа алынған. Бәрі 20-25 жас аралығындағы жігіт. Арасында бұрын істі болғандар да бар.

24 жастағы Фархат Тілектес пен 25 жастағы Дмитрий Торопқа адамдар тобы болып адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру кісі өліміне әкеп соқты және бұзақылық жасады деген айып тағылған.

Сағыныш Жарылқап, Расул Тохтибакиев, Әділхан Төлеш, Жандос Януш бұзақылық жасап, адам денсаулығына қасақана зиян келтірді деп айыпталып отыр. Ішінде Төлеш «Алания» клубында небәрі алты күн жұмыс істеген. Ал сотталушы Януш жұмысты екі апта бұрын бастаған.

Сот залындағы шу

2025 жылдың 22 қазанындағы сот отырысына БАҚ өкілдері қатысты. Алайда сотталушылар мен олардың адвокаттары бұған қарсылық танытты. Олар журналистердің бұл істен ақпарат таратуын «қысым жасау» деп санайтынын жеткізді. Алайда істі қарап жатқан судья Меруерт Абаева соттың ашық өтіп жатқанын, БАҚ өкілдері кез келген сатыда іске қатыса алатынын айтты. Сотталушылар мен адвокаттарды фотоға түсіруге тыйым салды.

Сот залындағы шу мұнымен аяқталмады. Жәбірленушілер мен сотталушылардың туыстары арасында жанжал шығып, бейәдеп сөздер айтуға дейін жетті. Марқұмның туыстары сот басталғалы қарсы тараптың ерсі қылығына шыдап келе жатқанын жеткізді. Тіпті судьяның бейтараптық танытып отырғаны күмән келтіріп, қарсылық білдірді. Алайда бұл өтінішхат қабылданбады, судья ауыспады.

Жәбірленуші тарап мемлекеттік айыптаудың да әлсіз екенін айтады. Іс басталған екі айға жуық уақытта прокурор үш рет ауысқан. Адвокаттар прокурордан іске белсенді қатысып отыруын сұрады.

«Соттан әділдік қана сұраймын»

Марқұмның анасы Айсұлу Ниетбаеваның сөзінше, сотталушылар тергеуде кінәсін мойындаған, алайда сотта жауабын өзгертіп жатыр.

«Ол баланы көрген жоқпыз, видеодағы марқұм Азат емес» дейді. Ұлым үш жарым ай ауруханада жатты. Қозғала алмай қалды. Соққы қатты болған. Төсек тартып, сөйлеуге шамасы келмеді. Басының бір шетін алып тастады. «Жақсы болып кетеді» деп жүргенде мамырда қайтыс болды. Үйленемін деп жүрген еді. Арманына жете алмай кетті. Арман қуып Астанаға келген еді. Сотталушылардың қарағаны, сөздері маған ауыр тиеді. Соттан әділдік қана сұраймын», – дейді марқұмның анасы Айсұлу Ниетбаева.

Сөзінше, сотталушылар мен олардың туыстары марқұмның жақындарынан кешірім сұрамаған.

«Баладан айырылды деген жоқ, бірде-бірі кешірім сұрап келмеді. Алдымнан өтпеді. Қан жұтып жүрген адаммын. Әділ үкім шығып, балам тыныш жатса екен деймін. Сотталушылардың біреуі ғана айыпты мойындап отыр. Қалғаны мойындамады. Сол жүрегімізді ауыртады», – дейді марқұмның анасы.

«Меня убивают» деген аудиосы бар

Марқұмның туыстары мен адвокаттары Азат Қабыкеновтің досына жолдаған соңғы аудиосы бар екенін айтады. Ол жерде марқұм «меня убивают» деп айтқан көрінеді. Алайда сот мұны іс материалдарына қосудан бас тартқанын айтты. Себебі Қабыкенов аурухана төсегінде жатқанда сөйлей алмаған, бұл аудионың оған тиесілі екеніне сараптама жүргізілмеген.

«Сотталушы Тілектес тергеуді бәрін мойындаған, неше рет басынан тепкенін, ұрғанын айтқан. Сотта «ұрған жоқпын, бір рет ұрдым» деп отыр. (…) Бәрі бір-бірін таниды, клубта күзетші болып жұмыс істейді. Күзетшілер шығып, жабылған. Жерде жатқан кісіні басынан теппегенде, Азат тірі қалушы еді… Шерзат Полаттың ісіне де ұқсайды. Бұл жерде де топ болып ұрып-соққан», – дейді жәбірленушінің адвокаты Баян Айтықова.

Төбелес видеосын өшіріп тастаған

Істегі басты сотталушының бірі Фархат Тілектес берген жауабында төбелестен кейін кімнің оқиға видеосын өшіріп тастағанын да айтты. Оқиға болған күні ол күзетшілерге басшылық еткен. Бастапқыда марқұм Азат Қабыкеновті бір рет соққыға жығып, клубтан шығарып тастаған. Қайта кіруіне қарсы болған. Жанжал осылай басталған.

Фархат Тілектестің сөзінше, видеоның бәрін Берікбол есімді жігіт өшіріп тастаған. Ал тараптар ол жігіттің іске куә ретінде қатысып жатқанын айтты.

«Біз баланы ұрған сәт түсірілген видеоны өшіріп тастадық. Берікбол өшіріп тастады», – деді сотталушы Тілектес.

Сот процесі жалғасып жатыр.