
Аягөз әскери гарнизонында 2018, 2024 және 2025 жылдары әскери қызметшілер қаза тапты. Ішінде бір сарбаздың менингиттен қайтыс болғаны айтылды. Бір жыл бұрын әскеридің өзіне қол салғаны хабарланды. Қорғаныс министрлігі журналистерді осындай жайттар тіркелген Аягөз гарнизонына шақырып, сарбаздардың қандай жағдайда тұратынын көрсетті.
Қазір 10181 әскери бөліміне шамамен 500-ге жуық сарбаз бар.
Әскери қалашықтағы техника өткен ғасырдың ортасынан бері жаңартылмаған, ғимараттар да КСРО кезінде салынған. Журналистер келетіндіктен танктерді бояп қойғаны байқалады.

Әскерге дайындық
Сарбаздар арасындағы қайғылы оқиғалардан кейін психологиялық дайындық күшейтілген. Әскерге шақыру кезеңінде «PSY-РИСК» жүйесі енгізілген. Жүйе 2025 жылдың көктемінде өзіне қол жұмсауға бейім 470-тен астам жасөспірімді әскерге жібермеген. Бұл әдіс ел бойынша енгізіліп жатыр.
Тәулік бойы екі тілде жұмыс істейтін «AI-sulu» Telegram-боты да бар. Бұл жасанды интеллектіге негізделген виртуалды көмекші. Ол сарбазға аноним түрде сырласуға, кеңес алуға мүмкіндік береді, қажет болғанда бот сарбазды психологқа бағыттайды. Бұған дейін сарбаздардың ботты қалай қолдана алатынын жаздық.
Әскерге дейінгі дайындықта сарбаздар 100-300 сұрақтан тұратын арнайы тест тапсырады. Тест олардың моральдық-психологиялық жағдайын анықтайды. Бейімделу кезеңінен өтпеген болса, сарбазбен офицер-психологтар жеке жұмыс істейді.
«Сарбаздың психологиялық тұрғыда тапсырманы орындауға дайын екеніне сенімді болуымыз керек. Сондықтан бұл өте маңызды шара», – дейді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары подполковник Арғынғали Акишев.
Айтуынша, сарбаздармен аптасына бір рет тренинг өткізіледі. Сарбаздарға дұрыс тыныс алуды және жағымсыз ойдан арылуды үйретеді.
Жастар гаджетке тәуелді
Танк бөлімінің командирі Дастан Мұхамеджановтың айтуынша, әскердегі басты проблема – ескі техника емес, жастардың өзі. Ішінде гаджетке тәуелді, темекі тартатын және психологиялық жағынан есемейгендер де бар.
«Үйде жүргенде бір-бірімен сирек сөйлеседі. Әскерде мүлде басқа ортаға түседі, мұнда әскери тәртіп бар. Үйде кез келген сәтте тоңазытқыштан тамақ алып, пиццаға тапсырыс бере аласың немесе телефон ұстап отырасың. Мұнда ондай мүмкіндік жоқ», – дейді ол.
Гаджетке тәуелділікпен күресу үшін сарбаздар газет оқиды. Арасында «Казахстанская правда» газетін көзіміз шалды.

Сарбаздарға темекі шегуге тыйым салынғандықтан, кейбірі насыбайға әуестеніп кетеді. Командирдің айтуынша, мұндай жағдай анықталып, шаралар қабылданып жатыр.
Сол себепті алғашқы айларда бейімделу қиын. Дегенмен бір жыл ішінде бәрі өзгереді – 18 жастағы жасөспірімдер психологиялық тұрғыда төзімді, тәуелділіктен арылған азаматқа айналады.
«Ең қиыны – тәртіп. Таңғы 6-да тұрып, шашау шығармай төсекті жинау қажет. Бір айда бұған үйреніп кетуге болады. Жігіттер әскерге баруы керек, нағыз ер азамат болып шығатын жер», – дейді Сергей есімді сарбаз.
Сарбаздың бір күні
Сарбаздар таңғы 6:00-де тұрады. Сапқа тұруға он минут беріледі. Одан кейін таңғы жаттығу жасайды. Жуынып, төсегін жинайтын бөлек уақыт бар. Сержанттар сарбаздар киімінің тазалығын тексереді.

Сарбаз туралы ақпарат «денсаулық журналына» енгізіледі. Сарбаздың шағымы болса, кезекші оны жазып алады және дәрігерге жібереді. Содан кейін сарбаздар саппен асханаға барады. Журналистер барған сәттегі ас мәзірінде ет, тауық еті, көкөніс, жеміс-жидек, жарма, тіпті тәттілер де болды.

Таңғы астан кейін саяси ақпараттандыру сабағы өтеді. Әскери қызметшілерге әлемде, өңірде және Қарулы күштерде болып жатқан жаңалықтар баяндалады.
Сабақ 9:00-ден 13:00-ге дейін жалғасады. Ұзақтығы жағынан мектеп жүйесіне ұқсайды: 40 минут сабақ, 10 минут үзіліс. Мұнда заманға сай дрон басқару сабағы өткізіледі.

Сабақтан кейін сарбаздар түскі ас ішеді, содан соң оларға жарты сағат жеке уақыт беріледі. Күндіз техникаға күтім жасайды, жаттығады, қосымша сабақтар мен тәрбие жұмыстарына қатысады.
Кешкі астан соң сарбаздар казармаға барып, теледидар қарайды. Ең алдымен, міндетті түрде «Хабар» арнасынан жаңалықтар көрсетіледі.
Әскердегі уақыт сағат 21:30-да аяқталады, сарбаздар саппен алаңға шығады. Ұйқы алдында жеке құрамдағылардың денесі тексеріледі. Оған әскери полиция да қатысады.
Мұхамеджановтың айтуынша, әскерде «дедовщина» жоқ. Бұрын әскери қызмет екі жылға созылатын, сол кезде «дед» деген ұғым пайда болған. Ал қазір қызмет мерзімі бір жыл ғана, сондықтан сарбаздың «мұндай іспен айналысуға қызығушылығы жоқ».