Жаңалықтар

Қостанайдағы тойдан 85 адам уланып, ауруханаға түсті

Фото: ашық дереккөзден

Қостанай облысы, Арқалық қаласында тойда болған қонақтар жаппай уланып қалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 85 адам ауруханаға түскен.

Қазір зардап шеккендердің ішінен 27 адам Жангелдин ауданына, 52 адам Арқалыққа, тағы алты адам облыстық ауруханаға жатқызылған. Үшеуі емделуден бас тартқан. Уланғандар арасында тағы жеті бала бар. Дәрігерлердің мәліметінше, науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, өмірлеріне қауіп жоқ.

Той болған мейрамхана уақытша жабылып, сол күні дайындалған тағамдардан сынама алынды.

«Нысанға тексеру жүргізіліп, азық-түлік өнімдері мен ауыз судан сынамалар алынды, сондай-ақ мейрамхана қызметкерлері тексеруден өтті. Барлық сынамалар қазір зертханада, нәтижелер әлі дайын емес. Тексеру барысында бұл нысанның күнделікті жұмыс істемейтіні, тек банкеттерге қызмет көрсететіні анықталды. Қостанай облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері мейрамхана қызметін тоқтату және барлық қызметкерлерін себептері толық анықталғанға дейін жұмысынан шеттету туралы қаулы шығарды», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдана Бүркітбаева.

Аталған фактіге қатысты қылмыстық кодекстің «санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осы жылы көктемде Жамбылда балабақшада балалар жаппай уланып, 10 бүлдіршін ауруханаға түскен еді.