Жаңалықтар

Трамптың төзімі таусылды: АҚШ Ресейге санкция салды

Фото: shutterstock

22 қазанда кешке АҚШ қаржы министрлігі Ресейдің «Роснефть» және «Лукойл» компаниялары мен оларға еншілес кәсіпорындарға санкция салды. Құрама Штаттар мұндай шектеулерді «Ресейдің бейбіт келісімге отыруға ықыласы жоқ» екендігімен түсіндірді.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің мәлімдеуінше, оның министрлігі президент Дональд Трамптың жанжалды доғаруға қатысты ұмтылысын қолдап, тиісті шара қабылдауға әзір. Бұған қоса, америкалық шенеунік Құрама Штаттардың одақтастарын да осы санкцияға қосылуға шақырды.

Трамптың айтуынша, АҚШ Мәскеу жақтың қадамын «өте ұзақ күтіп қалды». Дегенмен Ақ үй басшысы Ресей мен Украина арасындағы жанжал тезірек аяқталады деп үміттенеді.

Естеріңізге сала кетейік, бір апта бұрын, 15 қазанда Ұлыбритания да «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына санкция салған.

«Лукойл» Қазақстанда бірнеше жобада үлеске ие. Компания КҚК-ның қатысушысы және 2023 жылы «ҚазМұнайГаздан» Каламқас-теңіз бен Хазар кен орындарының 50% үлесін 200 млн долларға сатып алған.

Бұған дейін, 2015–2020 жылдары, «Лукойл» Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы кейбір активтерін сатқан болатын.