Lifestyle

Илон Маск роботтар армиясын құрғалы жатыр

роботтар армиясы
Фото: shutterstock

Әлемнің ең бай адамы Илон Маск роботтар армиясын құрғысы келеді. Миллиардер Tesla компаниясының қаржы есебіне арналған баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Wired басылымы жазды.

«Роботтардың үлкен армиясын құрсам, болашақта мені біреу ығыстырып шығара ала ма? Біз осындай әскер құрсақ, мен оған айтарлықтай ықпал ете алам ба? Ықпал ете алмасам, ондай армия құрмас едім» – деген Маск инвесторлармен әңгіме барысында.

6 қарашада Tesla акционерлерінің жыл қорытындысына арналған жиналысы өтеді. Олар миллиардерге сыйақы белгілеу мәселесін дауысқа салады.

Қыркүйекте компания кәсіпкерді ұстап тұру үшін 10 жыл көлемінде 1 трлн доллар төлеуді ұсынған. Бірақ ол үшін Маск Tesla-ның нарықтағы құнын қазіргі 1 трлн доллардан 8,5 трлн долларға дейін арттыруы керек. Жоспар бойынша, осы уақыт аралығында 20 млн электромобиль, 1 млн робот-такси және 1 млн Optimus роботын шығару қажет.

Маск осы мақсатты орындай алса, оның компаниядағы үлесі 25%-ға дейін өседі. Қазір ол Tesla акцияларының 13%-на ие. Өткен аптада миллиардер сыйақы ұсынысын акционерлер қолдамаса, компаниядан кететінін мәлімдеген.