Жаңалықтар

Өскеменде ауа сапасын бақылау жүйесіне жарты миллиард теңге жұмсалмақ

Ауа мониторингі жүйесі орнатылады / Фото: kursiv.media архиві

Өскеменде құны 498,5 млн теңге тұратын ауа мониторингі жүйесі орнатылады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі хабарлады.

Әкімдік мәліметіне сәйкес мемлекеттік сатып алу порталында құны 498,5 млн теңге болатын жүйені сатып алу туралы хабарландыру жарияланған. Келісімшарт қол қою сатысында тұр.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаевтың айтуынша, жаңа жүйе өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.

«Экология департаментін мобильді зертханамен жабдықтау мәселесі шешілді. Биылғы 17 шілдеде «Халық банк» АҚ пен «Топан» ЖШС арасында арнайы жабдықталған экологиялық мониторинг станциясын жеткізу туралы келісім жасалды. Оның құны – 65,5 млн теңге. Барлық төлемдер жүргізілді, станция қазір жинақтау сатысында. Өскеменге қараша айында жеткізіледі», – деді Есентаев.

Бұған қоса, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған 27 тармақтан тұратын екі жылдық жоспар әзірленді.

Әкімдік мәліметінше, ауа сапасын бақылау жүйесін сатып алу туралы хабарлама мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған, ал келісімшарт қол қою сатысында тұр.

Айта кетейік, өткен аптада Өскеменде ауадағы өткір газ иісі мен түтінге байланысты оқушылар қашықтан оқытуға көшірілген еді.