
Қазақстанда энергетика саласындағы ірі жобалардың бірі – Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының (ЖЭО) құрылысы 2026 жылдың наурызында басталмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Премьер-министрдің айтуынша, «Самұрық-Энерго» компаниясы осы мерзімге дейін барлық дайындық шарасын аяқтап, құрылысқа толықтай кірісуі тиіс.
«Самұрық-Энерго» компаниясы келесі жылғы наурыз айының соңына дейін Семей және Өскемен қалаларында жылу электр стансаларының құрылысын бастау үшін барлық қажетті іс-шараларды аяқтасын. Бұл ретте ауаны ластайтын зиянды қалдықтар бойынша заманауи экологиялық стандарт нормаларының сақталуын қамтамасыз ету қажет», – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар үкімет басшысы KEGOC компаниясына еліміздің батыс аймағын Бірыңғай ұлттық электр жүйесіне қосу жұмысын жеделдетуді тапсырды.
«Бұл жоба Қазақстанның энергетикалық жүйесін тұйықтап, оның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жеделдік қажет, бірақ сападан ешқандай ауытқу болмауы тиіс», – деп ескертті премьер-министр.
Энергетика, жасанды интеллект және қаржы министрліктеріне 2026 жылдың соңына дейін салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын іске қосу және отын-энергетика кешенінің инфокоммуникациялық инфрақұрылым операторын қамтамасыз ету тапсырылды.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей Қазақстанның үш қаласында ЖЭО салатынын жазған едік.