
Мәжіліс депутаттары ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы нормаларды заңға енгізбекші. Қазір бұл мәселемен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр.
«Біз бірнеше заңға кіріп жатырмыз, бұл бала құқығын қорғау, мәдениет саласы, кинематография, онлайн платформа және онлайн жарнамалау, масс медиа сияқты сияқты заңдарға кірдік. Бұл жерде бұрын да заңда ол нормалар қарастырылған. Мысалы, порнографияны, зорлық-зомбылықты, құқық бұзушылыққа итермелейтін қорлауды насихаттайтын әдебиет арқылы, масс медиа арқылы көпшілік шараларды пайдаланып насихаттауға тыйым салатын нормалар бар болған. Енді соның ішіне дәстүрлі емес жыныстық қатынас өкілдерінің насихатын қостық», – деп түсіндірді депутат Еділ Жаңбыршин.
Оның түсіндіруінше, порнографияны, зорлық зомбылықты, қорлауды, адам психикасына әсер ететін, әсіресе балаларды құқықбұзушылыққа итермелейтін басқа да шараларды пайдалану заңмен қудаланады. Енді осының қатарына ЛГБТ насихатын да қоспақшы. Оның сөзін әріптесі, депутат Ирина Смирнова да қолдайды.
«Пропаганда жасаса, ұрандаса, насихаттаса, онда тыйым салу керек. Өздері қалағанша өмір сүрсін, бірақ насихат жасамасын. ЛГБТ деген қандай тамаша деп отырмасын. Үйінде болғанның бәрі сол үйде қалсын», – дейді ол.
Бұған дейін депутат Ринат Зайыт та ЛГБТ өкілдерін «жексұрындарға» теңеп, діни насихатқа тыйым салғандай, ЛГБТ насихатына заңмен рұқсат бермеу керек деген еді.