Жаңалықтар

Эндрю ханзада атағынан айрылып, сарайдан қуылды

Эндрю ханзада
Эндрю ханзада / фото: REUTERS/Toby Melville

Ұлыбритания королі Карл інісі Эндрюді ханзада атағынан айырып, Виндзор қамалы маңындағы үйінен қуып шықты. Букингем сарайы 30 қазан күні осындай мәлімет таратты. Король билігі ханзаданы Джеффри Эпштейнмен байланысы үшін осылай жазалады, деп хабарлады Reuters.

Марқұм Елизаветаның екінші ұлы, 65 жастағы Эндрю қазан айының басында ғана герцог атағын пайдалану құқығынан айрылған еді. Оның ағасы Чарльз (Карл) бауырын тағы жазалап, бүкіл атағынан айырды. Енді ол қарапайым ғана Эндрю Маунтбеттен Виндзор деген атпен танылады.

Бұған қоса, Букингем сарайы бұрынғы ханзаданы Виндзордағы Royal Lodge үйін жалға беруден бас тартқанын хабарлап, оған шығыс Англияға жеке үйге көшуге кеңес берген.

Reuters-тің Букингемдегі дереккөзінің айтуынша, Эндрю Эпштейнге қатысты айыптаулардың бәрін әлі де жоққа шығарып жүр, бірақ сарай оны көп қате жіберді деп есептейді. Сонымен бірге, дереккөз жазаны корольдің өзі қабылдағанын, дегенмен оның шешімді отбасының бәрі, соның ішінде тақ мұрагері, ханзада Уильм да қолдағанын жеткізді.

Эндрю мен Эпштейннің байланысы король отбасының беделін түсірді. Себебі Вирджиния Джуффре 17 жасында оны ханзадамен төсектес болуға мәжбүрледі деп мәлімдеген. Биыл америкалық әйел қайтыс болды, бірақ оның шулы мемуары жарық көрді. Онда ханзадамен байланысы ашық сипатталған.

Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн 2008 жылы жыныстық қылмыстарға қатысты көптеген айыптармен ұсталған. 2019 жылы ол түрмеде өз-өзіне қол жұмсаған.