
Қазақстанда жетістікке жеткен футболшыларға ат-шапанын кигізіп, көлік мінгізген дұрыс па? Бұл оларды қаншалықты ынталандырады? Осы сұрақты журналистер Үкімет кулуарында Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лорияға қойды.
Лория не дейді
Давид Лория бұл сұраққа біржақты жауап бере алмайтынын жеткізді. Айтуынша, өзі футбол ойнаған кезде мұндай болмаған.
«Әдетте, ұтылғаны үшін сыйлықты ешкім бермейді. Соған қарамастан бұл сыйлықтар жігіттерді жақсы ынталандырады. Көлік мінген жігіттер өте жас екенін ұмытпайық. Олар үшін шынында да бұл үлкен жетістік. Оларды қолдайтын меценаттар табылып жатыр. Мұның еш әбестігі жоқ. Сыйлықты алған азаматтар да оны орынды түрде қабылдады», – деді ол.
Лорияның сөзінше, спорт жетістіктері бір ойынмен өлшенбейді. Алда ойын көп.
«Футбол біз секілді адамдар үшін жай ғана ойын немесе хобби емес – тұтас өмір. Федерацияда қазір осындай көзқараспен жұмыс істеп жатырмыз», – дейді ол.
Журналистердің бірі Лориядан «ал үлкен айлық оларды жақсы ойнауға ынталандырмай ма» деп сұрақ қойған. Ол «не себепті сіздер ол жігіттер көп айлық алып жүр деп ойлайсыз» деп қарымта сұрақ қойды.
«Олай емес. Мен сіздерге нақты айтайын. Бірақ айлығы қанша екенін де нақты айта алмаймын», – деді Лория.
Еске сала кетейік, бұған дейін меценаттар «Қайрат» футбол клубының қос қақпашысы Темірхан Анарбеков пен Шерхан Қалмырзаға көлік мінгізген еді.