
Елдегі такси бағасы тек тәуліктегі ауа-райына, сұранысқа қарай ғана емес маусымға байланысты да өзгеріп отырады. Оның мән-жайын «Такси Қазақстан 2025» форумында Яндекс Такси бизнесін дамыту менеджері Руслан Саитов түсіндірді.
Оның сөзінше, такси – маусымдық бизнес. Жазда бұл қызметке сұраныс артады, ал қыста керісінше сұраныс азайып, баға түседі.
«Жазда жүргізушілердің 20–30 пайызы егін, құрылыс сияқты маусымдық жұмысқа кетеді. Ал қыста, әсіресе, қаңтар-ақпанда қайта оралады. Яғни жүргізушілер көп, ал такси пайдаланатын адамдар азаяды. Жаңа жыл өтті, көбісі таксиге тапсырыс беруді қояды, бұл бағаға әсер етеді», – деп түсіндірді спикер.
Руслан Саитов такси бағасының қалай қалыптасатынын да айтып берді. Оған бірнеше көрсеткіш ықпал етеді. Олар жүргізушінің жолаушыны діттеген нүктесіне жеткізген еңбегі, сол жүрген қашықтық және көлік шығындары және уақыт. Соңғы фактордың такси жүргізушісінің уақытына тікелей әсері бар.
«Мысалы, күндіз 40 минуттық сапар кешкі сағат алтыдағы кептеліс кезінде екі сағатқа созылады. Әрине, мұндай жағдайда жолақы да қымбат болуы әділ. Себебі жүргізуші көбірек уақыт жұмсайды», – дейді ол.
«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы сияқты ірі шаралар кезінде таксиге сұраныс күрт өседі. Сол кезде Яндекс жүйесі коэффициентті көтеріп жібереді. Соның арқасында такси жетпей тұрған жерге басқа ауданда жүрген жүргізушілер де келеді. Яғни баға көтергенінің арқасында сұраныс пен ұсыныс теңеседі деп түсіндірді Яндекс.Такси өкілі.