Жаңалықтар

Абай ұлттық мектебі жаңа ғимаратқа көшіріледі

Абай ұлттық мектебі 900 орынға арналған / фото: KursivMedia мұрағаты
Абай ұлттық мектебі 900 орынға арналған / фото: KursivMedia мұрағаты

Абай ұлттық мектебі жаңа ғимаратқа көшіріледі. Оқу-ағарту министрлігі бұл Президенттің тапсырмасына сәйкес жасалғанын айтты.

Министрлік Алматыдағы Абай атындағы республикалық мектеп-интернаты трансформацияланып жатқанын хабарлады.

Жаңа мектеп ғимараты 900 орынға арналған. Аумағында Оқушылар үйі де бой көтерген. Сонымен қатар мектепте Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған мұражайы жұмыс істемек.

«Республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен оған Абай ұлттық мектебі атауы берілді. Сондай-ақ білім беру ұйымының тұжырымдамасы классикалық білім беруді ұлттық және халықаралық стандарттармен ұштастыра отырып, Абай философиясына, оның ішінде «бес асыл іс» идеясына негізделген», – делінген хабарламада.

Министрліктің ақпаратынша, Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы мен Абайдың «Толық адам» іліміне сәйкес,  бойына ұлттық құндылықтарды сіңірген, әлемдік бәсекеге қабілетті, терең білімді, бастамашыл, адал азамат тәрбиелеу – негізгі мақсат.

Айта кету керек, бұған дейін Абай мектебіне оқушыларды қабылдау 8-сыныптан жүргізілсе, биылғы оқу жылынан бастап 7-сынып оқушылары да қабылдана бастады.

Мұның алдында Мәулен Әшімбаев пен Қарақат Әбілдинаны не байланыстыратыны туралы жазған едік.