Жаңалықтар

Дастан Сәтпаев ең қымбат футболшы атанды

Дастан Сәтпаевтың трансферлік құны – 3 миллион еуро /фото: kursiv.media мұрағаты
Дастан Сәтпаевтың трансферлік құны – 3 миллион еуро /фото: kursiv.media мұрағаты

Дастан Сәтпаев Премьер-лиганың ең қымбат ойыншысы атанып, Қазақстан футболшыларының рейтингінде көш бастады.

Спорт Шредингера ақпаратына қарағанда, Transfermarkt Қазақстан Премьер-лигасындағы ойыншылардың нарықтық құнын жаңартты. Жаңартылған мәліметке сәйкес, енді оның трансферлік құны – 3 миллион еуро.

«Қайраттың» 17 жастағы таланты, 2026 жылдың тамызында «Челсидің» толыққанды ойыншысы атанатын Дастан рейтингте Ресей чемпионатының үш өкілін артта қалдырды. Олар – Бахтиёр Зайнутдинов (2,8 млн еуро), Нұралы Әліп (2,5 млн еуро) және Максим Самородов (2,5 млн еуро).

Transfermarkt деректері бойынша, Дастан Сәтпаевтың көрсеткіштері мынадай:

Қазақстандағы ең қымбат ойыншы – 1-орын;

«Қайрат» клубы ойыншылары арасында – 1-орын;

Қазақстан Премьер-лигасында – 1-орын;

2008 жылы туған футболшылар арасында әлем бойынша – 15-орын;

Әлемдегі орталық шабуылшылар арасында – 463-орын;

Барлық футболшылардың жалпы рейтингінде – 3 253-орын.