
Батыс Қазақстан облысында ата-аналарға отандық Aitu мессенджерін қолдану ұсынылған. Бұл туралы жергілікті «Мой город» басылымы жазды.
БАҚ-тың хабарлауынша, Орал қаласында ата-аналарға мектеп чаттары WhatsApp-тан Aitu мессенджеріне көшірілетіні айтылған. Осылайша оқушыларға қарасты маңызды ақпарат Aitu-ға жіберіле бастаған.
«Ата-аналар мессенджерді жүктей бастаған, алайда пайдаланушы көбейгендіктен техникалық қиындық пайда болған. Көптеген ата-ана мектеп чатына бола бөлек қосымша орнатуға мәжбүр болғанына наразы», – деп жазды «Мой город».
Ал Орал қаласының білім беру бөлімі қауіпсіздікке байланысты Aitu мессенджеріне көшіру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген. Алайда WhatsApp қолдануға ешкім тыйым салмай, қызмет барысында хат алмасу Aitu арқылы жүргізілетінін хабарлаған.
KursivMedia Батыс Қазақстан облысының білім басқармасына осы жағдайға қатысты пікір білдіруді сұрады.
Айта кетейік, Aitu қосымшасын қазақстандық Kazdream Technologies IT-холдингі әзірлеген, ол BTS Digital цифрлық экожүйесінің құрамына кіреді.