Жаңалықтар

Қазпошта газет-журнал таратудан 35 млрд теңге шығынға ұшырағанын жариялады

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазпошта» соңғы төрт жыл ішінде мерзімді баспасөз басылымдарын таратудан 35 млрд теңге шығынға ұшырағанын жариялады.

Депутаттар бұған дейін газет-журналдардың шығынға батуын «Қазпоштадан» көрген еді. Алайда «Қазпошта» басшысы Бекежан Жәкеев «Қазпошта» баспа өнімі басылымнан шықпаған, күшін жойған жағдайда жазылушылар алдында міндеттеме алатынын, күші жойылған жазылым сомасы бірінші талап етуі бойынша жазылушыларға төленетінін атап өтеді.

«2021 жылдан бері күші жойылған жазылым бойынша жазылушыларға қайтарылған сома 137,7 млн теңгеден астам соманы құрады. Бұл жайттар Қазпоштаның қызметіне тәуелді болмағандықтан, компания игерілмеген қаражатты жазылушыларға уақтылы қайтару үшін қаржы резервін қалыптастыруға міндетті. Осыған байланысты редакцияларға қаражатты аудару жазылым сомалары нақты түсуіне қарай ай сайын жүзеге асырылады», – дейді Жәкеев.

Сонымен қатар Жәкеев редакцияларға бөлінетін субсидиялар нақты шығынды жаппайтынын, ал тарифтердің төмендігі «Қазпошта» үшін бұл қызметті экономикалық тұрғыда тиімсіз ететінін айтады.

«Қазпошта» бастығының мәліметінше, 2021-2023 жылдары ауылдық елдімекендерде мерзімді баспасөз басылымдарын тарату қызметтерін көрсетуден «Қазпоштаның» шығындары мынадай болған:

  • 2021 жылы – 7,2 млрд. теңге;
  • 2022 жылы – 8,7 млрд. теңге;
  • 2023 жылы – 8,6 млрд. теңге;
  • 2024 жылы – 10,4 млрд.теңге.

Осылайша төрт жылдағы жиынтық шығын 35 млрд теңгеден асқан.

«Өткен жылдары жиналып қалған шығынды Қазпошта басқа қызмет түрлерінен түскен табыстармен жабуға мәжбүр, нәтижесінде компанияның бүкіл қызметі бойынша теріс қаржылық нәтиже қалыптасады. Қызметтердің шығындылығына қарамастан, Қазпошта Әмбебап пошта байланысы қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес, ауылдық елдімекендерде мерзімді баспасөз басылымдарын тарату бойынша өзіне жүктелген міндеттемелерді орындау бойынша жан-жақты шаралар қабылдайды», – дейді Жәкеев.

Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Ермұрат Бапи мен Жарқынбек Амантайұлы «Қазпошта» АҚ тарапынан көрсетілетін қағаз газеттерге қатысты қызмет ақыларының бірнеше есе өсірілуі республикалық тәуелсіз басылымдармен қатар, аймақтық, облыстық және аудандық газет редакцияларының алаңдаушылығын туғызып, оларға банкрот болу қатерін төндіріп отырғанын мәлім еткен еді.

Депутаттардың сөзінше, биылғы жылдың шілде айында пошта арқылы мерзімді басылымдарды тарату қызметінің ақысы 1000 пайызға дейін артқан. Бұл өзгеріс баспасөз ұжымдары үшін қатты соққы болып, өңірлік және аудандық газеттердің қаржылық жағдайына ауыр тиген.