
Ақтау қаласында көлік салығын төлемеген азаматтарды анықтау мақсатында рейд ұйымдастырылды. Енді олардың ісімен сот орындаушылары айналысады. Бұған қоса, көліктерді айыппұл тұрағына қояды.
Салықтан жалтарғандарға шара қолданады
Маңғыстау облысының орталығында көлік салығын төлемеген 9 мыңнан астам тұрғын бар. Жергілікті Lada.kz басылымы осындай мәліметті Ақтау әкімдігіне сүйене отырып таратты.
«Тексеру мақсаты – азаматтарға салық тәртібін орындату, мемлекеттік бюджетті кіріспен толтыру», – дейді Ақтаудағы салық қызметінің өкілі Мирас Назарбаев.
Мекеменің мәліметінше, қазір Ақтауда 9 606 тұрғынның көлік салығына берешегі 700 млн теңге болған. Олардың істері жекеменшік сот орындаушыларға тапсырылған. Салықтан жалтарғандарды анықтау рейді тұрақты түрде өткізіледі.
Бұған дейін Kursiv.Media жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл алып, оны төлемеген азаматтардың автокөліктерін айыппұл тұрағына қойып жатқаны туралы жазған. Мәселен, қазанның аяғында Алматыда Hyundai, Lexus, Toyota көліктері айыппұл тұрағына түскен. Үшеуінің жалпы берешегі 3,7 млн теңгеден асып кеткен.
Көлік салығы өзгереді
2026 жылы жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Заңда көлік салығының мөлшерлемелері қайта қаралды. 2013 жылға дейін және кейін деп бөлу алып тасталынды. Енді пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер үшін 0,7, ал 20 жылдан асса – 0,5 түзету коэффициенті қолданылады. Осылайша салық көлемі 30 және 50%-ға төмендейді.
Шаруа қожалықтары бір пикап үшін көлік салығын төлеуден босатылды. Бұған қоса, ағымдағы төлемдердің есебі (салық есептілігі) алып тасталды.