Жаңалықтар

Мас болып көлік жүргізген судья әлі жұмысын істеп жүр

Астаналық судья Әсель Досаева қызметтік міндетін атқара береді / фото: ашық дереккөзден
Астаналық судья Әсел Досаева қызметтік міндетін атқара береді / фото: ашық дереккөзден

Астаналық судья Әсел Досаева мас болып және жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгені үшін ұсталғанымен, әлі де өз қызметін атқарып жүр.

Мұны Астана сотының баспасөз қызметі растаған.

«Судья заңда белгіленген тәртіп бойынша Жоғары сот кеңесі тиісті шешім қабылдағанға дейін өз қызметтік міндеттерін атқара береді», – делінген хабарламада.

Астананың Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының ресми сайтында Әсел Досаеваның судья ретінде жұмыс істеп жатқаны да көрсетіліпті.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл істің әкімшілік құқықбұзушылық материалдарын ІІМ Бас прокуратураға жолдаған.

«Белгіленген тәртіпке сәйкес прокуратура судьяны жауапқа тарту мәселесін қарау үшін Жоғары сот кеңесіне ұсыныс енгізеді», – делінген баспасөз қызметінің жауабында.

Сондай-ақ сот өкілдері судьялардың тәртіптік жауапкершілігі, тағайындалуы және қызметтен босатылуы мәселелері Жоғары сот кеңесінің құзыретіне кіретінін атап өтті.

Айта кететін жайт, 2 қарашада әлеуметтік желілерде Астанада Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаева ішіп алып көлік жүргізіп ұсталды деген ақпарат тараған.

Полицияның мәліметінше, рейд кезінде Mazda маркалы көлік тоқтатылған. Ал жүргізушінің мас екені сараптама нәтижесі арқылы расталған.

Кейін бұл оқиғаға ІІМ де түсініктеме беріп, судьяның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткенін хабарлаған.

Ал Астана соты судьялардың ерекше құқықтық мәртебесі оларды заң алдында жауапкершіліктен босатпайтынын мәлімдеді.