Жаңалықтар

Қазақстан халқының саны 161 мың адамға көбейді

Қазақстан халқының саны қаншалықты өсті? / Коллаж: kursiv.media архиві

Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының саны туралы ақпаратты жариялады. Елдегі халық саны 20 млн 445 мың адамнан асты. 

Бюро ұсынған мәліметке сенсек, жыл басынан бері халық саны 161 832 адамға артқан. Оның ішінде көші-қон есебінен – 10 200 адам келсе, табиғи өсім – 151 632 адамды құрап отыр.

Қала мен ауыл халқының үлесі

Қала халқы 12,75 миллионға жеткен. Ал ауыл халқы болса, әдеттегідей азайып келеді, бүгінде елдемекендерде 7,470 млн адам тұрады.

Әйелдер үлесі басым

Ал елдегі ер адамдардың үлесі 9 млн 993 мыңнан асса, әйелдердің үлесі 10 млн 452 мың 452 -ні құрайды.

Қазіргі таңда жеті өңірде халық саны 1 миллионнан асты. Олар:

  • Алматы қаласы – 2 337 023 адам
  • Түркістан облысы – 2 148 207 адам
  • Астана қаласы – 1 612 512 адам
  • Алматы облысы – 1 586 875 адам
  • Шымкент қаласы – 1 286 087 адам
  • Жамбыл облысы – 1 216 849 адам
  • Қарағанды облысы – 1 131 818 адам

Дегенмен соңғы он жылда Қазақстан халқының табиғи өсімі біртіндеп баяулап келеді. Covid-19 кезіндегі «бэби-бум» уақытша өсімді көрсетті. Егер 2021 жылы елде 445,8 мың бала дүниеге келсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 388,4 мыңға дейін төмендеді. Ал 2024 жылы туу саны шамамен 365,9 мың болуы мүмкін деп болжанып отыр.