Жаңалықтар

Алматыдағы балалар үйіндегі өрт: 35 адам эвакуацияланды

Алматыдағы балалар үйіндегі өрт / фото: Алматы әкімдігі

9 қараша күні Алматы қаласының Наурызбай ауданында орналасқан «Перзент» жеке қайырымдылық балалар үйіінің аумағында өрт шықты.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, оқиға кезінде ғимаратта болған барлық 35 бала мен қызметкер дер кезінде эвакуацияланған. Зардап шеккендер жоқ. Балалар қауіпсіз жерге орналастырылып, қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің таралу қаупі толық жойылып, ошақ оқшауланған.

Оқиға орнына Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мен қалалық құрылымдық бөлімдердің басшылары барды. Әкімдік тарапынан уақытша орналастыру, тамақтандыру және материалдық көмек шаралары ұйымдастырылған. Балалар үйінің тәрбиеленушілері уақытша сауықтыру санаторийіне орналастырылды.

«Балаларға тамақ беріліп, бөлмелерге орналастырылды. Жылы киіммен, азық-түлікпен және жеке гигиена құралдарымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ тәрбиеленушілерге тәттілер берілді», – деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Наурызбай ауданының қамқоршылық органы, Отбасыны қолдау орталығы және Балаларды қолдау орталығының өкілдері де балалардың жағдайын бақылауға алған.