Жаңалықтар

Бектенов темір жол вокзалдарын жөндеу жұмыстарын созған әкімдерді сынға алды

Алматы-1 вокзалы / фото: shutterstock

Премьер-министр Олжас Бектенов елде тозығы жеткен темір жол вокзалдарын жөндеу жұмыстарын дер кезінде бітіре алмай жатқан облыстарды сынады. Олардың арасында Дархан Сатыбалды басқаратын Алматы қаласының әкімдігі де бар. Өйткені Алматы-1 вокзалындағы құрылыс бар болғаны 5%-ға ғана орындалған.

Қазақстандағы темір жол вокзалдарының 70%-ының тозығы жеткен. Үкіметтің 11 қарашадағы жиналысында осы мәселе сөз болды. Үкімет басшысы алдында есеп берген көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, 121 вокзалда құрылыс жүріп жатыр.

«Вокзалдардың шамамен 70%-ы 30 жылдан астам уақыттан бері жөнделмеген. Техникалық тексерулер кезінде кейбір тіреуіш бағандары мен конструкцияларды әрі қарай пайдалануға болмайтын ақаулар анықталған», – дейді министрдің орынбасары.

Соған байланысты 42 нысан толықтай бұзылды.

Вице-министр вокзалдарды жөндеу қарқыны қалай жүріп жатқаны туралы мәлімет келтірді. Мәселен, Алматы-1 вокзалын жөндеу бар болғаны 5%-ға ғана орындалғаны анықталды.

Жиналыс соңында Бектенов жұмысты дұрыс атқара алмай отырған әкімдіктерді сынады. Оның пікірінше, «әкімдіктердің кейбірі құрылыс барысын бақылауды босаңсытып алған».

«Ақмола, Жетісу, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстарында мерзімдердің бұзылу қаупі жоғары. Маңғыстау облысында бір вокзалдағы жұмыс кестеден кешігіп жатыр. Алматы қаласында «Алматы-1» вокзалын жаңғырту жұмыстары тым созылып кетті. Мұны әкімдіктердің жұмысындағы олқылық деп санаймын», – деп кесіп айтты премьер-министр.

Бұған қоса, Бектенов өңір басшыларынан құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды талап етті.

«Тапсырманың орындалуына жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары тікелей жауапты болады», – деп аяқтады үкіметтің сейсенбідегі жиналысын премьер-министр.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы жазда Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары «Қазақстан темір жолы» басқаруына өткен. Сол кезде ұлттық компания екі нысанды да жаңалайтынын мәлімдеген.