Жаңалықтар

Шымкентте жүзден аса мұғалім мен кәсіпкер еңбекақысын талап етіп әкімдікке келді

Астанада 2100 балабақша қызметкеріне жалақы төленбеген
Астанада 2100 балабақша қызметкеріне жалақы төленбеген

Шымкентте жекеменшік мектептердің құрылтайшылары, мектеп директорлары мен мұғалімдері бас көтерді. Әкімдікке келген олар екі айдан бері жалақы ала алмай жүргеніне шағынды. Қаржыландырудың кідіріп тұрғанын қала әкімдігі де растап, бұған жаңа жоба кедергі болып тұрғанын айтты.

Мұғалімдер жалақысыз қалған

Кеше кешқұрым Шымкент қаласы әкімдігіне жекеменшік мектептерде жұмыс істейтін жүзден аса мұғалім, мектеп директоры мен кәсіпкер жиналды. Олар қыркүйек айынан бері еңбекақысын ала алмай жүргеніне шағымданды. Айтуларынша, жекеменшік мектептерге бала басына шаққанда мемлекеттен төленетін ақы кешеуілдеп жатыр. Соның есебінен мұғалімдер жалақысыз қалып отыр.

«Бұл жерде қарапайым мұғалімдер зардап шегіп тұр. Біз кімге айтамыз? Біз директорымызға айтамыз, құрылтайшымызға да айтамыз. Енді одан нәтиже шықпаған соң, әрине, амалдың жоғынан сіздердің алдарыңызға келеміз», – деді өзін мұғалім деп таныстырған әйел.

Мұғалімдердің пікірінше, еңбекақы уақытылы төлену керек.

«Біз сабағымызды өтіп жатырмыз. Бірақ неге екені белгісіз қаржы орталығы өз міндеттерін уақытылы өтемей жатыр», – дейді Maximum жекеменшік мектебінің директоры Ербол Кәрібаев.

Жекеменшік мектептердің құрылтайшыларының да айтары бар. Мысалы, 620 бала оқитын Қайнарбұлақ негізгі мектебінде 68 адам жұмыс істейді. Оларға да қыркүйек айынан бастап ақша түспеген. Құрылтайшы жұмысшыларға қыркүйек айының жалақысын өз қалтасынан өтеген. Қазан айына шамасы жетпейтінін айтады.

«Былтыр қаржы орталығымен қаржыландырылған. Биыл қаржы жергілікті бюджеттен беріледі деді. Бұл туралы қыркүйек айының 18-інде қалалық мәслихат сессиясында қаралды. Ақша қазір ауада тұр. Ешқандай бөлінген жоқ. Пилоттық жоба енгізіп жатыр дейді. Бұл бас-аяғы жоқ пилоттық жоба», – дейді Қайнарбұлақ негізгі мектебінің құрылтайшысы Сәрсенбек Молдашев.

Әкімдік уәжі

Әкімдік жекеменшік мектептерге төленетін қаржының кідіруін жаңа пилоттық жобамен байланысты екенін растайды. Десе де, бұл жергілікті әкімдік деңгейінде шешілетін мәселе емес. Оқу-ағарту министрлігінің шешіміне байланысты деп отыр.

«Кідіруге себеп болып отырған Оқу-ағарту министрлігінің жекеменшік мектептерді қаржыландырудың пилоттық жобасын іске қосуы болып тұр. Жоба бойынша осыған дейін қаржы орталығымен келісімшартқа отырған барлық жекеменшік мектеп бұдан былай қаржы орталығымен қатар, жергілікті атқарушы орган, яғни қалалық білім басқармасымен де келісімшартқа отырады. Орындалған жұмыстарға жергілікті басқарма қол қоятын болады», – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Сәрсен Құранбек жаңа жобаны рәсімдеу ісі уақыт алып жатқанын айтады. Ал қызметкерлердің жалақысын төлеуге әкімдік емес, құрылтайшы жауапты екенін ескертеді.

Ресми мәлімет бойынша, Шымкентте 137 жекеменшік мектеп бар. Оның 121-і қаржы орталығымен жан басына шаққанда төленетін қаржыға қатысты келісімшартқа отырған. Оған айына шамамен 1,5 млрд теңге төлем жасалады. Бұл – жекеменшік мектептердің бүкіл шығынына жұмсалатын қаржы. Оған мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің еңбекақысы да кіреді.

Жекеменшік мектептердегі мұғалімдер бірнеше айдан бері айлық ала алмай жүргені жайлы Kursiv.Media бұған дейін де жазған. Мәселен, Атырау облысында мемлекет тапсырмасын орындаған жекеменшік мектептер төрт айдың ақысын маусым айында әзер алды.