
Белгілі филолог, әдебиет сыншысы, режиссер әрі сценарист Ғалым Доскен өмірден өтті. Қаралы хабарды журналист Болат Мүрсәлім жеткізді.
Қашан көрсең жайдары, сөйлегенде арғы мен бергіні, Батыс пен Шығысты тең қамтып отыратын, қазақтың әні мен күйін, ұлттық руханиятын түгендеп жүрген Ғалым ағамыз о дүниелік болыпты. Қабағы кейде қатулы көрінгенімен, жүрегі баладай таза, бауырларына әкедей қамқор, досына адал жан еді, – деп еске алды Мүрсәлім.
Өмір жолы мен шығармашылығы
Ғалым Доскен 1960 жылы 19 шілдеде дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолында ол қазақ телевизиясы мен мәдениет саласының дамуына зор үлес қосты.
- 2001–2002 жылдары – «Қазақстанның республикалық телевидение және радио корпорациясы» ЖАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары;
- 2002–2006 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы;
- 2007 жылдан бастап – «Ел» продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарды.
Ғалым Доскен — көптеген көркем және деректі фильмдердің авторы. Оның шығармаларының қатарында «Сәулені күту», «Ұлы дала астаналары», «Маңғыстау қабірлерінің түсі», «Жоғалған жарық хроникасы» секілді фильмдер бар.
Сондай-ақ ол «Тоғыз құйрықты ақ түлкі», «Сиқырлы флейта», «Билейтін құс» кітаптарының және «Жезтырнақ» балетінің либреттосының авторы.