
Қайрат Боранбаев McDonald’s бренді Қазақстаннан кетіп, мейрамхана желісінің атауын «I’m” деп өзгерткен соң, 3 млрд шығынға батқан. Бұл туралы ол Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында айтты.
Боранбаевтың айтуынша, McDonald’s желісінің Ресейдегі франшизасын алған соң, желіні Қазақстанда да іске қосу мүмкіндігіне ие болған. Алайда бастапқыда брендтің топ-менеджменті Қазақстан нарығын басым бағыт деп санамаған.
«Маған Беларусьтегі McDonald’s франшизасын сатып алу ұсынысы түсті. Мен келісім бердім, бірақ көп ұзамай Қазақстанда да ашу керек деген шарт қойдым. Олар келісті», – деді Боранбаев.
Боранбаевтың айтуынша, 2022 жылы McDonald’s Ресей нарығынан кеткен кезде, корпорация басшылығы Қазақстанда жұмысын жалғастырмақ болған. Алайда логистика мәселесі шешілмей, ребрендингтен басқа жол қалмаған.
«Бізге қажет тауарлар негізінен Ресей арқылы келетін. Ал McDonald’s Ресей кеткен соң, шикізатты Франция, БАӘ, Әзербайжан мен Польшадан ала бастадық. Бірақ мұның бәрі тым қымбат әрі тиімсіз болып шықты. Біз Қазақстанда өзіміз үшін нан, көкөніс, бір реттік ыдыс шығаратын кәсіпорынды іске қостық. Бірақ сиыр мен тауық еті Ресейден әкелінетін. McDonald’s-та сапа стандарты өте жоғары, ал Қазақстанда дәл сол талапқа сай ет болмағандықтан, біз ребрендинг жасауға мәжбүр болдық», – деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, ребрендинг жасауға 9 ай кеткен.
«Біз шамамен 9 ай бойы жаңа бренд іздеумен айналыстық. 300-ден астам атау нұсқалары қаралды. Арнайы мамандар мен агенттіктерді тарттық. Соның нәтижесінде жаңа «I’m» бренді пайда болды. Бірінші жылы біз 3 миллиард теңгеге жуық шығын көрдік. Бірақ биыл алғаш рет табысқа шықтық», — деді ол.
Мейрамханалар желісінің атауы «I’m” болып 2023 жылдың қарашасында өзгерген.
Сонымен қатар Боранбаев «Қайрат» футбол клубын қалай сатып алғаны туралы айтып берді. Ол Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені тізімінде 20-орында тұр.