Банк пен қаржы

2026 жылдан бастап темекі күрт қымбаттайды

темекі қымбат қымбаттайды баға бағасы
фото: shutterstock

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда темекі бағасы күрт көтеріледі. Ал 2030 жылға қарай шылым екі есе қымбаттайды. Бағаға жаңа жылда қолданысқа енетін Салық кодексі де әсер етеді. Kursiv.Media алдағы жылдары темекі қанша пайызға қымбаттайтынын есептеп шықты.

Темекі бағасының көтерілу себебі

Республикада темекі 2010 жылдан бері қымбаттап келеді. Он жыл бұрын ғана оның бір қорабы 200 теңге болса, бүгін 920 теңге тұрады. Себебі үкімет темекі өнімдеріне акцизді жылдан-жылға өсіріп отыр.

Мысалы, темекіге арналған акциз мөлшері 2025 жылы 15 900 теңге (1000 данаға) болса, жаңа жылдан бастап 18 051 теңгеге дейін көтеріледі. Ал 2030 жылы 25 607 теңгеге жетеді. Соның өзі бөлшек саудадағы бір қорап (20 дана) темекінің құнына әсер етеді.

Темекі баға қымбаттайды акциз салық
Темекіге арналған акциз мөлшері қалай өзгереді / графика: Kursiv.Media

Жаңа жылдан бастап темекі ғана емес, табак пен кальян, сонымен бірге ысталатын табак акциздерінің мөлшері де көтеріледі. Акциз мөлшері өскен сайын бөлшек саудадағы өнім де қымбаттайды.

Бұған қоса, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығының мөлшері 16% болатыны мәлім. Үкіметтегілер де жаңа Салық кодексі қолданысқа енген уақытта оның инфляцияға әсері болатынын, яғни баға көтерілетінін мойындап отыр.

Осының бәрін қоса есептесек, қазір бөлшек саудада 1000 теңге тұратын бір қорап темекі 2026 жылы шамамен 25-30%-ға қымбаттап, 1300 теңгеге жақындайды. Ал 2030 жылға қарай дәл осы өнім шамамен екі есе қымбаттап, 1734 теңге тұруы мүмкін.

темекі баға қымбат
Қазір 1000 тг тұратын бір қорап темекі бағасына болжам / графика: Kursiv.Media

Сонымен бірге премиум санатындағы қымбат сигаралар одан сайын қымбаттайды.

«Әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады», – деп жазылған Ақорда сайтында жарияланған ресми мәліметте.

Темекі тастау ойыңызда болса, оны қазірден бастай беріңіз. Өйткені 2026 жылдан бастап «жаман әдеттер» шынымен қымбатқа түскелі тұр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір Қазақстанда халықтың 17,5%-ы темекі шегеді.