
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев «Қайрат» футбол клубын қалай сатып алғаны туралы айтып берді. Ол Арманжан Байтасовтың Youtube-тегі Baitassov Live подкастына қатысты.
«Қайратты» құтқарған Қайрат
Шамамен 2,5 сағатқа созылған көлемді сұхбатта Боранбаевтың қалай істі болғаны, оның Назарбаевтар отбасымен байланысы туралы ешқандай сауал қойылмаған. Дегенмен кәсіпкер армияда қайда борышын өтегені, алғашқы көлігін қалай сатып алғаны жайында ұзақ сөйлеген.
Әңгіменің көп бөлігі қазір Чемпиондар лигасында ойнап жүрген «Қайрат» футбол клубы төңірегінде өрбіген.
«Өзім де спортпен шұғылданған адаммын. «Газпром» «Зенит» клубын басқаруына алған жылдар еді. Команда сапында Аршавин, Кержаков, Денисов секілді футболшылар ойнайтын. Бізді демеуші ретінде түрлі матчтарға шақырып жүрді. Түрлі кездесулер мен матчтардан кейін футбол – адамдарды біріктіретін күш екенін түсіндім», – дейді Боранбаев.
Оның айтуынша, «Қайрат» футбол клубын сатып алу туралы ой Алматы әкімі қызметіне Ахметжан Есімов келген уақытта туған.
«Мені қала әкімі Ахметжан Смағұлұлы кездесуге шақырды. Ол кезде «Қайрат» бірінші лигада ойнайтын. Әкім маған демеуші болуды ұсынды. Екі жыл демеу көрсетіп жүрдік. «Қайрат» жоғары лигаға көтеріліп, тағы да соңғы орын алған кез. Стадионда тағы да Ахметжан Смағұлұлымен кездесіп қалдық. Мен одан клубты бізге беруді сұрадым», – дейді кәсіпкер.
Әңгіменің дәл осы тұсына келгенде клуб туралы алты минуттық көлемді ролик көрсетілді. Онда «Қайрат» 2010 жылы қиыншылыққа тап болғаны, алайда мұндай дағдарыс 2011 жылы акционер Боранбаевтың келуімен аяқталғаны баяндалады.
«Сол кезде ол [Есімов – ред.] қаржыға қатысты бірнеше талап қойды. Мен де өз талабымды айтып, қаланың бұл іске араласпағанын сұрадым. Екеуміз қол алысқалы бері әр тарап өз уәдесінде тұрды», – деп жалғастырды әңгімесін кәсіпкер.
Боранбаев «Қайрат» үлесі үшін қанша төледі
Ол кезде Боранбаев «ҚазМұнайГаз» бен «Газпромның» бірлескен компаниясы – «ҚазРосГаз» бас директоры қызметін атқаратын. 2012 жылы «ҚазРосГаз» футбол клубы акцияларының 70%, қала әкімдігі 30% үлесіне ие болған.
«ҚазГосГаз» акцияларын сататын болды. Оларға футбол керек болмады. Мен сатып алу туралы ұсыныспен шықтым. Сатып алдым. Ресми түрде ақшасын төледім. Тегін алды деген әңгімелер шығатынын түсіндім. Олай емес. Төледім«, – деді Боранбаев.
Дегенмен сұхбат барысында кәсіпкердің нақты қанша тиын төлегені туралы ештеңе айтылмады, бірақ дағдарған клубтың шығындары сөз болды.
«Клуб базасы өртеніп кеткен. Одан қалды 1,2 млн доллар қарызы болған», – дейді 59 жастағы кәсіпкер.
Ашық дереккөздерде кәсіпкердің алматылық клуб үлесі үшін қанша төлегені туралы нақты мәлімет жоқ. Бірақ бес жыл бұрын Боранбаев сұхбаттарының бірінде 8 млн доллар бергенін айтып қалған.
Қылмыстық іс және Назарбаев отбасымен байланысы
2022 жылғы наурызда Қайрат Боранбаев қаржы жымқыру бойынша істі болды. 2023 жылы сот оны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ кәсіпкер қамауда көп отырған жоқ: мемлекетке келтірген шығынды өтеуіне байланысты шартты жазамен босап шықты. Қамауда отырғанда және кейін ол кен орындары, зауыттары, қонақ үйлері мен сауда орындары секілді активтерін мемлекетке өткізген.
Боранбаев Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы. 2013 жылы экс-президенттің немересі Айсұлтан Назарбаев кәсіпкердің қызы Әлима Боранбаеваға үйленген. Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан 2020 жылғы тамызда Лондонда қайтыс болғаны мәлім.