
Парламенттің төменгі палатасы ЛГБТ насихатына тыйым салатын, сонымен бірге педофилия туралы заң жобасын мақұлдады.
«Балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау үшін жария кеңістік, сонымен бірге масс-медиа, телекоммуникация желілері немесе онлайн-платформалар арқылы педофилияны, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпараттар орналастыруа тыйым салу туралы нормалар қарастырылған»- деп таратты Мәжілістің баспасөз қызметі.
Депутат Елнұр Бейсенбаевтың түсіндіруінше, құжат тоғыз бірдей заңға өзгеріс енгізуді қарастырады. Олар: бала құқықтары, жарнама, байланыс, мәдениет, білім, кино, БАҚ және онлайн-платформалар.
Тоғыз заңда «дәстүрлі емес сексуалдық бағдарлы насихаттауға» нақты анықтама беріледі. Бұған қоса, оның бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте және телекоммуникация арналарында таралуына тыйым салынады.
Бұған дейін халықаралық ұйымдар соны ережелер адам құқықтарын бұзады деп танып, Қазақстанға мұндай заңды қабылдамауға кеңес берген. Дегенмен мәжіліс депутаты Никита Шаталов олардың сынына парламент мінберінде жауап қатқан.
«Ақпараттық қысым көрсету арқылы өз көзқарасын бізге таңғысы келеді. Халықаралық міндеттер туралы айта отырып, бізге қысым жасағысы келетін мұндай ұйымдар халықаралық тәжірибені бұзады. Бұған жол жоқ», – деген ол.
Енді заң жобасын Сенат қарайды. Заң парламенттен өткеннен кейін ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қол қоюға жолданады.
Бұған дейін дәл осыған ұқсас заңды Ресей, Грузия және Венгрия қабылдаған.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ өкілдері депутаттарға ақпараттық шабуыл жасады деп мәлімдеген. Ал оның алдында тағы бір депутат Ринат Зайыт ЛГБТ өкілдерін «жексұрын» деп атаған.