Жаңалықтар

Түркістанда түрмеге 10 телефон алып кірмек болған адам ұсталды

кісен салды,наручник
Фото: shutterstock.com

Түркістан облысы Төле би ауданы Ленгір қаласындағы түрмеге телефон кіргізбек болған жүргізуші ұсталды. Оны мекеме қызметкерлері мен әскерилер құрықтады.

Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, күдіктіден 10 телефон мен телефон қуаттағыштары және 10 CIM карта тәркіленген.

«Заңбұзушылық жедел бағыт бойынша анықталды. Әскерилер мен мекеме қызметкерлері тексеру кезінде телефондар мен оның қуаттағыштарын жүргізуші көлігінен, нақтырақ айтқанда, көліктегі құрылыс материалдарының арасынан тапқан. Ұсталған жүргізушіге Әкімшілік кодекстің «Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру» бабымен шара қолданылады», – дейді департаменттің баспасөз қызметкері Ұлан Әбибулла.

Оның сөзінше, тапсырысты түрме ішінде жұмыс істейтін жазасын өтеушілер берген.

Сонымен бірге оқиғаға қатысты қызметтік тергеп-тексеру амалдары басталған. Бұл жайт бойынша сотталған азаматтарға да тиісті шара қолданылады.

Департамент сотталып, жазасын өтеп жатқандардың туған-туыстарына да ескерту жасады. Оларды мұндай заңсыз әрекетке көмектеспеуге шақырды.

Сондай-ақ жақында колониялар мен тергеу изоляторлары аумағында мобильді телефондардың жұмысын тоқтату және қайта қосу тәртібі бекітілген.