
Қазақстан Үкіметі мал шаруашылығы саласында агробизнесті қолдау мен дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын әзірлей бастады. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің депутаттарға берген жауабында жазылған.
Құжат Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленіп жатыр.
Құжат нені көздейді
Олжас Бектеновтің сөзінше, кешенді жоспар жобасында мал шаруашылығының барлық бағыттарын қолдау мен дамыту шаралары көзделген. Олардың қатарында асыл тұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген және ұзақ мерзімді кредит беру, «Даму» қоры арқылы кепілдендіру тетігін енгізу (қамтамасыз ету деңгейі 80 пайызға дейін), салалық қызметкерлердің отбасылары үшін әлеуметтік жағдай жасау, дәстүрлі жайылымдық пайдалану жүйесін бейімдей отырып, көшпелі мал шаруашылығын дамыту, саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету және селекция мен генетика саласындағы ғылыми сүйемелдеуді дамыту шаралары бар.
Кешенді жоспарда жем-шөп өндірісін дамытуға және тұрақты жем-шөп базасын қамтамасыз ететін озық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылған.
Сонымен қатар түйе сүтін өңдеу, отандық тұқымдардың генетикалық әлеуетін арттыру және саланың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша да шаралар қарастырылған. Құжатты әзірлеуге министрліктер, өңір әкімдіктері, салалық қауымдастықтар мен депутаттар қатысып жатыр.
Мемлекет тағы қалай көмектеседі
Отандық өнімді ілгерілету мақсатында Үкімет экспортты қолдау экожүйесі аясында 20-дан астам қаржылық және қаржылық емес құрал ұсынбақ. Олардың қатарында экспорттық тәуекелдерді сақтандыру, өнімді шетелде ілгерілету, сертификаттау, көлік шығындарын жабу және халықаралық көрмелерге қатысуға қолдау көрсету бар.
«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өңдеу және экспорт көлемдерін ұлғайтуға, сондай-ақ түйе шаруашылығы мен жалпы мал шаруашылығы саласының орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді Олжас Бектенов.
Еске сала кетейік, осы жауапқа негіз болған сауалды Үкіметке «Ауыл» партиясы жолдаған еді. Депутаттар түйе сүтін өңдейтін кәсіпорындарды қолдау және құрғақ, сублимацияланған сүт өндіретін зауыттар салу бағдарламасын әзірлеуді, Үкімет жанынан Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдіктері, ғалымдар және «Ауыл» партиясы фракциясы өкілдері қатысатын жұмыс тобын құруды ұсынған.