Жаңалықтар

Такси жүргізушісі кішкентай қызды алып кетіп, артынша «әзіл» деп ақталды

Жітіқара соты такси жүргізушісіне айыппұл салды / фото: KursivMedia мұрағаты
фото: KursivMedia мұрағаты

6 қараша күні сағат 16:48-де Қарағанды тұрғыны қалалық жедел басқару орталығына баласын такси жүргізушісі алып кеткенін хабарлаған.

Әйелдің айтуынша, InDrive қосымшасы арқылы такси шақырып, екі баласымен бірге көлікке отырмақ болған. Бір жасар баласын қолына ұстап, 4,5 жастағы қызын артқы орындыққа отырғызған сәтте, жүргізуші көлікті орнынан қозғап, кетіп қалған.

«Жеке секторда тұрамыз, көшелеріміз тегіс емес. Мен артынан жүгірдім, бірақ қуып жете алмадым. Қосымша арқылы бірнеше рет қоңырау шалдым, жүргізуші жауап бермеді. Кейін тапсырысты жауып, картадан мүлде жоғалып кетті», – дейді әйел.

Оқиға туралы дереу полицияға хабар берілген. Көп ұзамай тәртіп сақшылары көліктің иесін анықтап, жүргізушімен байланыс орнатқан. Жүргізуші белгілі бір жолды жүріп өткен соң ғана артқы орында жалғыз отырған баланы байқап, кері қайтып, қызды анасына қайтарған.

Алайда әйелдің айтуынша, қызы бір сағат бойы бейтаныс ер адамның қасында болған. Ал полиция бұл жайтқа қатысты «құқық бұзушылық құрамы жоқ, бұл жай ғана әзіл болған» деген түсініктеме берген.

«Мен қызымның қайда болғанын, не болғанын білмеймін. Арыз жаздым, бірақ іс қаралмай қалды. Бұл қалай сонда? Баланы алып кету – әзіл ме?» – деп ашуланды баланың анасы.

Қарағанды облыстық полиция департаменті дерек бойынша тек әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Такси жүргізушісіне жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзғаны және заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін айыппұл салынған.

Дегенмен тұрғындар мен әлеуметтік желі қолданушылары мұндай жағдайдың «әзілмен» жабылуы қоғамда баланың қауіпсіздігіне жеңіл қараудың көрінісі екенін айтып, әділдік талап етіп отыр.