Жаңалықтар

Жамбыл облысында 12 оқушы тамақтан уланып қалды

Жамбыл облысында тамақтан уланған оқушылардың қазіргі жағдайы бірқалыпты / фото: KursivMedia мұрағаты
Жамбыл облысында тамақтан уланған оқушылардың қазіргі жағдайы бірқалыпты / фото: KursivMedia мұрағаты

Жамбыл облысы Байзақ ауданының Мырзатай ауылында Мырзатай орта мектебінің 12 оқушысы уланып қалды.

Бұл туралы облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Департамент ақпаратына қарағанда, оқушылар жедел жәрдеммен Байзақ аудандық орталық ауруханасына жіберілді. Ауруханаға түскен кезіндегі шағымдары: әлсіздік, жүрек айну, бас айналу.

«Дәрігердің қарауынан кейін, барлық 12 науқас жағдайына қарай 11.11.2025 ж. Сағат 16.00-де үйге шығарылды. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы бірқалыпты. Медициналық бақылауда», – деп хабарлады  Жамбыл облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева.

Оның сөзіне қарағанда, барлық тиісті зертханалық зерттеу жұмыстары жүргізілген.  

«Бүгінгі күнге жаңа тіркелген жағдайлар жоқ. Санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру жалғасып жатыр», – дейді Салтанат Әлібаева.

Айта кететін жайт, Жаңаөзенде 100 бүлдіршін балабақша тамағынан уланған болатын.