
Қостанайда журналист әрі белсенді Кирилл Павлов полиция бөліміне жеткізілді. Бұл туралы Павлов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Содан кейін «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры бұл жағдай 14 қараша шамамен 11:00-де болғанын мәлімдеді. Павлов Қостанайды іссапарда жүрген.
«Полиция 14:00-ге дейін (үш сағат өткен соң) оны ұстау немесе полицияға жеткізу туралы ешқандай процессуалдық құжат толтырмаған. Бұл заң талаптарына қайшы келеді», – деп мәлімдеді қор.
Полиция Павловтың үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы («жалған ақпарат тарату») бойынша әкімшілік іс қозғалғанын хабарлаған. Алайда Павлов өзін ұстауға себеп болған Астанадан келген жазбаша тапсырмамен таныспаған.
«Төрт сағатқа жуық уақыт өткеннен кейін Павловқа ұстауға қатысты хаттама берілген. Хаттама таңғы 10:30-да толтырылған деп көрсетілген. Хаттамаға қол қойғаннан кейін Павлов босатылды. Құжат мазмұнына қарап, Павловтың не себепті ұсталғанын анықтай алмадық», – деп хабарлады «Әділ сөз».
Айта кетейік, бұған дейін Кирилл Павлов Жамбыл облысында шегіртке тарағаны туралы жазғаны үшін 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл төлейтін болды. Ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған.