Жаңалықтар

Біреудің жыныс мүшесі – біреуге ермек пе: әлемде бар қызық коллекциялар

Фото: Саймантас, Баянауыл ұлттық паркі, Қазақстан / Фото: Wildticketasia.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Естімеген елде көп. Адам қызықтап не жинамайды. Жақында Қазақтанда және шетелде танымал мейрамханалар желісіне иелік ететін ресейлік кәсіпкер Александр Орловтың Ташкенттегі пәтерін көрсеткен видео жарияланды. Шығыс стилінде безендірілген үйдегі сәнді заттардың ішінен ерекше көзге түскені – қабырғадағы сөреде жатқан морждың жыныс мүшесі.

Тас боп қатқан мүше

Солтүстіктегі теңіздерде өмір сүретін сүтқоректі хайуанның жыныс мүшесі, бір қарағанда –ою-өрнек басқан, ақшыл, түтік іспетті ұзыншақ сүйек. Жүргізуші оны қолына алып ұстап та көрді. Орловтың айтуынша, морждың аталық жыныс мүшесі осындай, яғни сүйектей (бакулюм) болмаса, аязды табиғи ортада үсіп, жарамсыз болып қалатын еді.

Морждың жыныс мүшесі (сүйек) / Фото: Youtube.com/@ALIBEKOVKZ, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Осы бір «жәдігерге» қарап: «Адам баласы жыныс мүшесі атаулыны жинап сақтауға неге әуес болады екен?» – деген сұрақ туындады.

Бірқызық коллекциялар

Жалпы, адамның және жан-жануардың жыныс мүшелері мен олардың қолдан жасалған үлгілері сақталған жекеменшік коллекциялар мен көпшілікке ашық мұражайлар аз емес. Осы бағытта алуан түрлі нысандарды көріп-білуге итермелейтін басты себептерге мына төмендегілерді жатқызуға болады:

  • ғылыми ізденіс (анатомия, салыстырмалы биология бағытындағы зерттеулер);
  • тарихи-антропологиялық қызығушылық (киелі заттар мен әдет-ғұрыптарды зерттеу);
  • әлеуметтік белсенділік (адам анатомиясына қатысты жаңсақ пайымдарды терістеу);
  • тыйым салынған, оғаштау дүниелерді таңсық көру.
Блогер Берік Әлібеков / Фото: Youtube.com/@ALIBEKOVKZ, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Бір адам әуес қылып жинай бастаған кейбір коллекциялар уақыт өте келе оқу-ағарту, ғылыми зерттеу мақсатында керекке жарайтын танымдық ресурстарға, жыныстық қатынас пен ұрпақ өрбіту мәні жайында хабар беретін материалдық мәдениет үлгілеріне айналып жатады.  

Жаратылыс қой, жерінбе!

Ғылыми ізденіс бағытындағы жинақтардың ең жарқын мысалы – Исландиядағы фаллостар музейі (Icelandic Phallological Museum). Рейкьявик қаласында орналасқан бұл мұражай сүтқоректілердің жыныс мүшелерін зерттеуге арналған (әлемдегі ең үлкен коллекция да осында). Бұл жерде Исландия аумағында ұшырасатын алуан түрлі сүтқоректілердің бұзылмайтындай етіп сақталған (кептірілген, арнаулы сұйықтыққа батырылған т.б.) жыныс мүшелері, сондай-ақ оларды айнытпай кескіндеген өнер туындылары көрсетілген.  

Исландиядағы фаллостар музейінде бар көрмелердің бірі / Фото: Reuters, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Тарих пен салт-дәстүрлерді танып-білуге деген ұмтылыстан туындаған коллекциялардан ертеде, кей аймақтарда қазір де тұрмыста, түрлі жоралғыларда пайдаланылатын қолөнер бұйымдарын, үлкенді-кішілі мүсіндерді табасыз. Мысалы, ежелгі Римде фаллос пішінді тұмарлар (фасцинус) болған. Фаллос – адамды тіл-көзден, зұлымдықтан сақтайтын құдіретті күш әрі ұрпақ тарату символы саналған.

Ағарту, денсаулық сақтау

Қоғам денсаулығын сақтау саласындағы белсенділердің білім тарату, орныққан сыңаржақ пікірлерді жоққа шығару жолындағы бастамалардан туындаған бір айшықты жоба – Лондондағы вагина (қынап) музейі (Vagina Museum). Әйелдердің жыныс мүшелері анатомиясын зерттеуге арналған бірегей коллекция осында шоғырланған. Ұйымдастырушылар оған жеке қызығушылық объектісі деп емес, қоғамға пайдасы бар педагогика құралы деп қарау керегін алға тартады.

Жаратылыстану, тарих, антропология сынды ғылымдар тоғысқан ортада, жекелеген азаматтардың қызығушылығы мен әлеуметтік өзгерістер ықпалымен пайда болатын осындай коллекцияларға «ұят қой» демей, тыйымдарға сілтей бермей, нақты білім көзі деп те қарауға болады.