Авто

Бюджет шығыны 30 млрд: квотамен әкелінген 11 мың электромобиль шетелге сатылып кетті

Кәсіпкерлер квота арқылы бір реттік салықтан босатылған көліктерді тасымалдап, кейін қайта сатқан / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанға жеке тұлғалар үшін жеңілдетілген квота арқылы әкелінген 11 000 электромобиль басқа елдерге қайта сатылған. Осының салдарынан бюджет шығыны 30 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Қазақстан автокөлік одағы басшысы Анар Мақашева Business FM эфирінде айтты.

ЕАЭО аясында Қазақстанда жеке тұлғаларға электромобилді кедендік баждан босатып, оларды елге кіргізу үшін квота енгізілген. Алайда, Анар Мақашева мәлімдегендей, бұл мүмкіндікті кейбір кәсіпкерлер пайдаланып кеткен. Олар квота арқылы бір реттік салықтан босатылған көліктерді тасымалдап, кейін қайта сатқан. Нәтижесінде бұл нарыққа кері әсер етіп, мемлекетке және адал бизнеске шығын әкелді.

«Жеке тұлғаларға арналған жеңілдіктер ЕАЭО – Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында енгізілген. Бұл жеңілдік Қазақстан азаматтарының, оның ішінде жеке тұлғалардың электромобильдерді сатып алуы үшін көзделген», – деді Анар Мақашева.

ҚАО төрайымының айтуынша, кейбір кәсіпкерлер осы квотаны пайдаланып, жүздеген электромобильді әкеліп, қосылған құн салығын (ҚҚС) төлемеген. Ал елдегі электромобиль брендтерінің ресми дистрибьюторлары ҚҚС төлеп келеді. Нәтижесінде ресми және «сұр» дилерлер арасындағы бағада ҚҚС көлеміне тең айырмашылық пайда болып, квота жылдам таусылып қалған.

Сонымен қатар, ресми тіркелген бизнес тек салық төлеп қана қоймай, дилерлік желіге инвестиция салады, бренд стандарттарына сай автосалондар салып, жұмыс орындарын ашады, көліктерге кепілдік береді.

11 мың көлік өзге елге сатылып кетті

ҚАО төрайымы қайта экспорттың болғанын дәлелдейтін статистикалық мәліметтерді келтірді:

  • 2025 жылдың басында Қазақстанда 12 000 электромобиль тіркелген;
  • Қазірге дейін жеңілдік квотасы арқылы 15 000 электромобиль әкелінген;
  • Күтілетін автопарк: 12 000 + 15 000 = 27 000 көлік;
  • Нақты автопарк (2025 жылғы 1 қазанға): 16 000 көлік.

Яғни, 11 000 электромобиль елден шығып кеткен.

«Қайта экспорттау салдарынан республикалық бюджетке келген шығын 30 млрд теңгеден асты», – деді Мақашева.

Депутаттар не дейді

Осыған дейін депутаттар электромобильдерге жеңілдік режимін тағы 3 жылға ұзартуды сұраған болатын. Олар бұл шара автопаркті жаңартуға және зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді деп санайды.