
Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында өрттен 12 адам қаза тапты, ішінде тоғыз бала бар. Елде бұған дейін балалар қайтыс болған бірнеше жағдай тіркелді. 2019 жылы Астанадағы Ситерлер отбасы бес қызынан айырылды. Былтыр бірнеше отбасы қара жамылды.
Kursiv.Media кейінгі жылдары өрттен қайтыс болған балаларға қатысты ақпаратты топтастарды.
Ситерлер бес қызынан айырылды
2019 жылдың 4 ақпанына қараған түні Астанадағы Көктал-1 тұрғын алабындағы жеке үйдің аумағында «времянка» өртеніп кетті. Құтқарушылар үй ішінен Евгений мен Жанымгүл Ситерлердің 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қызының мәйітін тапты.
Араға бірнеше күн салып елордалық көпбалалы аналар Үкімет үйіне барып, билікке бірнеше талап қойды. Негізгі талабы көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету және әр балаға айына 29 мың теңге (сол кездегі ең төменгі күнкөріс деңгейі) жәрдемақы төлеу болды. Кейін әйелдер наразылығы Алматы, Шымкент, Ақтөбе және басқа аймақтарда да жалғасты. Наразы әйелдер әкімдіктерге барып, әкіммен кездесуді талап еткен.
Аналар наразылығы үдеген тұста, 2019 жылы 21 ақпанда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті отставкаға жіберді. Көпбалалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленетіні айтылды.
Евгений мен Жанымгүл Ситер 2020 жылы ұлды болды.
Жаңатастағы жағдай
Осындай жағдай Жамбыл облысында да болды. 2021 жылдың 19 ақпанында Сарысу ауданы Жаңатас қаласында бес қабатты үйдегі пәтерде өрт шыққан. Үйде 2015, 2016, 2017, 2019, 2020 жылы туған балалар болған. Салдарынан бір отбасының бес баласы қайтыс болды.
Балалардың әкесі жұмыста болған, анасы дүкенге шығып кеткен. Балалар газ иісіне тұншыққан. Олар ауруханаға жеткізілген, алайда біраз уақыт өткен соң көз жұмды.
Түркістанда бес адам өлі табылды
Дәл сол жылдың 27 ақпанында Түркістанда тұрғын үйден бес адам өлі табылды. Оның төртеуі – кәмелетке толмаған бала. Олар ыс тиіп қайтыс болғаны айтылды.
Марқұм Гүлназ Болатова базарда жұмыс істеген. 26 ақпанда жұмыста болған, алайда 27 ақпанда жұмысқа шықпаған. Оны базардағы әріптесі іздеп, түсте үйіне баласын жіберген. Баласы үйінде ешкім жоқ деп қайтып келген соң, жұмыстан кейін күйеуін көріп келуге жіберген. Мәйітті ер адам тапқан.
Атырауда шөп өртеніп, үш бала қайтыс болды
2021 жылдың 5 қазанында Атырау облысы Махамбет ауданы Ортақшыл ауылындағы тұрғын үйдің ауласында өрт шыққан. Сол уақытта кәмелетке толмаған үш бала жоғалып кеткен. Балаларды іздеуге ауыл тұрғындары қосылған, нәтижесінде 2014 жылғы екі бала мен 2012 жылғы бір баланың мәйіті өртенген шөптің арасынан табылды.
Жамбылда екі бала қаза болды
Қайғылы жағдай 2022 жылы да болды. Сол жылдың желтоқсанында Жамбыл облысы Шу ауданында жеке тұрғын үйлердің бірі өртенді.
Өрт болған жерден 2017 және 2020 жылы туған екі баланың мәйіті табылды. Төтенше жағдай министрлігі екі баланың анасы 1989 жылғы әйел балаларын үйде қалдырып, есікті сыртынан жауып кеткенін хабарлады.
Аягөздегі жағдай
2023 жылы Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінде өрт шығып, төрт бала қаза тапты.
Өрттен 8 жастағы егіз бен олардың үш және екі жасар бауыры қайтыс болған. Балалардың әкесі оқиға кезінде жұмыста болған, анасы шаруаларымен базарға кеткен.
Қарағандыдағы балалар қазасы
2024 жылдың 23 ақпанында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылындағы екі бөлмелі жеке үйде өрт шыққан. Салдарынан 2019, 2020, 2021, 2022 жылғы балалар қаза болды.
Өрт шыққан кезде балалар үйде үлкендердің қарауынсыз болған.
Жітіқарадағы әйел бес баласын қараусыз қалдырған
2024 жылдың қазанында Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы жер үйде өрт шығып, бес бала қаза тапты.
Апат кезінде үйде алты бала ұйықтап жатқан. Үлкені 13 жаста, кенжесі жасқа енді толған. Үйінді астынан бес баланың мәйіті табылды. Ең үлкені ғана аман қалған.
Балалардың әкесі колонияда жазасын өтеп жатқан. Сол түні анасы үйде болмаған.
Әйел осы жағдайдан кейін бес жылға сотталды.
Көкталда жағдай қайталанды
2024 жылдың қарашасында Астанадағы Көктал шағын ауданында өрт шығып, төрт бала қаза тапты.
Екі қабатты жеке үйдің төбесі өртеніп, жартылай құлаған. Қайтыс болған балалар 13, 9, үш және екі жаста еді.
9 бала қайтыс болды
2025 жылдың 18 қарашасында Жетісай ауданындағы өрттен 2009, 2010, 2012, 2015, 2017, 2021, 2019, 2024 жылы туған балалар қайтыс болған. Ішінде бесеуі бір үйдің баласы, ал екінші отбасының 2018 жылы туған қызы аман қалды.
Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы өрттен аман қалған екі ересек пен бір баланың ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.
Қайғылы оқиға болған жерді қоршап тастаған. Маңайында полиция, өрт сөндірушілер жүр.