
«Қайрат» футбол клубы Астанадағы ойын билетінің бағасы Алматыдағы ойынға қарағанда арзан болуы себебін түсіндірді.
Клубтың билет бағасына қатысты ресми түсіндірмесіне сүйенетін болсақ, осыған дейінгі билет бағасының қымбат болуына УЕФА-ның Алматыдағы Орталық стадионда өтетін барлық ойынға бір бағаны бекітуі себеп болған. Енді ойын Астанаға ауысқандықтан, клуб билет бағасын түсіруге мүмкіндік алған.
«Бұған дейін «Қайрат» ФК УЕФА-ның баға саясатына сәйкес Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчтарға арналған билеттің бағасы бекітілген әрі өзгермейтінін хабарлаған болатын. Бұл баға саясаты Алматыдағы Орталық стадионда өтетін барлық ойынға бекітілгендіктен, сол жағдайларда қайта қаралуы мүмкін болмады. Алматыдағы қолайсыз қысқы жағдайларға байланысты матчтарды Астанаға ауыстыру шешімі УЕФА-мен келісе отырып қабылданды. Ойын орнының өзгеруі оған қатысты талаптардың да өзгеруіне әкелді. Жаңа жағдайларды ескере отырып, клубта билет бағасын қайта қарау мүмкіндігі пайда болды», – делінген клуб хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін алдағы ойындарға билеттердің бағасы 15 000 – 50 000 теңге аралығында болатынын жазған едік. Сату 28 қарашадан бастап Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшаларында басталады. Бір жанкүйер екі билеттен артық сатып ала алмайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайраттың» Алматыдағы өткен ойындарға билеттер бағасы 30 мың теңгеден басталып 250 мың теңгеге дейін сатылған еді. Сондай-ақ, бұған дейін Лондонда өтетін «Арсенал» – «Қайрат» билеттерінің бағасын да жазған едік.