Жаңалықтар

Үкімет: Алдағы үш жылда ЖІӨ өсімі 5,3 пайыз болады

Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанның 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, ел экономикасы үш жыл ішінде жылына орта есеппен 5,3% өседі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырғанда мәлімдеді.

«Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,4 пайызды, 3 жылдағы орташа жылдық өсуі 5,3 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсудің есебінен қамтамасыз етілетін болады. Өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобалардың іске асырылуы есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2 пайыздан 2028 жылы 6,6 пайызға дейін ұлғаяды деп болжанады.Тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі үш жылдағы орташа өсу 2,8 пайызды, ауыл шаруашылығында – 3,9 пайызды, құрылыста – 11,0 пайызды, көлік қызметтерінде – 10,1 пайызды және саудада – 7,0 пайызды құрайды», – деді Жұманғарин.

Вице-премьердің сөзінше, болжам бойынша экспорт 2026 жылы 77,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 млрд АҚШ долларына дейін, импорт – 67,7-ден 75,2 млрд АҚШ долларына дейін өседі. Инфляция болжамы 2026 жылы 9,0-11,0 пайыз, 2027 жылы және 2028 жылы орташа 6,0 пайыз деңгейінде айқындалған.

«Салық-бюджет саясаты мемлекеттік қаржының орнықтылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз етуге, бюджет тапшылығын азайтуға, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын меншікті қаражатпен алмастыруға бағытталған. Бюджетті болжау бюджет қағидалары мен Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген нысаналы бағдарларға негізделді. ‎Кірістер 2026 жылы 19,2 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,5 пайыз деңгейінде болжануда. Ағымдағы жылдың бағалауымен салыстырғанда өсім 4,7 трлн теңгені құрап, 2028 жылға қарай 23,2 трлн теңгеге дейін немесе 20,8 пайызға өсуі күтілуде», – деді вице-премьер.

Үкіметтің айтуынша, болжам макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға және экономиканың сапалы дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.