Жаңалықтар

Мұғалімдерді аттестациядан сүрінбей өткізуге арналған «бункер» табылды

Қыркүйек-қазан айларында мұндай «қызмет» үшін 25 000 доллар алынған / Фото: Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметі
Қыркүйек-қазан айларында мұндай «қызмет» үшін 25 000 доллар алынған / Фото: Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметі

Өзбекстанның Наманган қаласында мұғалімдерді аттестациядан сүрінбей өткізуге арналған «бункер» табылды.

«Сыйақыға» мұғалімдерге біліктілік санатын алу мақсатындағы аттестациялық емтихандарда қашықтан көмек көрсетілген.

Kun.uz ақпаратына қарағанда, қыркүйек-қазан айларында мұндай «қызмет» үшін 25 000 доллар алынған.

Бұл жерде Наманган облысы Дәвлатабад ауданы жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасары, Наманган мемлекеттік техникалық университетінің бөлім басшысы, осы бөлімнің маманы және басқа да тұлғалар өзара сөз байласқан. Материалдық сыйақы үшін педагогтерге аттестациялық емтихандардың тест сұрақтарын қашықтан орындауға көмектескен.

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес департаменті жүргізген жедел іс-шара барысында сол жерден тест тапсыруға тартылған 12 мұғалім анықталған. Ноутбук, 30 түрлі құлаққап пен жасырын камералар, 8 Wi-Fi роутер және өзге де заттар тәркіленген.

Алдын ала тексеру нәтижесінде мектеп директордың орынбасары және басқа тұлғалар мұғалімдерге емтихан нәтижесін оң шешіп береміз деп сендіріп, облыстағы кейбір педагогтерден 1300-1500 доллардан талап еткені және биылғы қыркүйек-қазанда жалпы 25 000 доллар алғаны анықталды.

Аталған тұлғаларға қатысты «алаяқтық», «пара беру» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Сонымен қатар, Дәвлатабад ауданындағы мектеп директорының орынбасары мен «бункерді» басқарған 2001 жылғы азамат бұрын да осындай қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны атап өтілді.

Ал Қазақстанда педагогтерді аттестаттау алғаш рет толықтай онлайн форматта өтті.